ҚМГ-ға әлем нарықтарындағы қолайсыз үрдістерге байланысты талдамалық жұмысын күшейту керек - Назарбаев

размер шрифта: Aa | Aa
28.06.2012 10:14

 Әлем нарықтарындағы қолайсыз үрдістерге байланысты «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ына талдамалық жұмысын күшейту керек, деп есептейді ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысының ақпаратына сәйкес, сәрсенбі күні Н. Назарбаев ҚМГ басқарма төрағасы Ләззат Қиыновты қабылдады. Кездесуде Қазақстан президенті әлемдік экономика едәуір күрделі және болжап болмайтын жағдайда екенін атап өтті.

«Соңғы уақытта қуат тасымалдағыштардың бағасы елеулі түрде арзандады. Мысалы, соңғы айда мұнайдың бағасы барреліне $107-ден $90-нан да төмен түсіп кетті. «ҚазМұнайГаз» Қазақстанның негізгі мұнай өндіруші компаниясы болып табылады. Әлем нарығындағы қолайсыз үрдісті ескере отырып, ұлттық мұнай-газ холдингінің талдамалық және болжам жасау қызметін күшейту қажет», - деді Н. Назарбаев

Л.Қиынов ҚР президентіне компания қызметіндегі перспективалық бағыттар туралы баяндады. Сонымен қатар, «ҚазМұнайГаз» басшысы 1 шілдеден бастап холдингтің құрылымдық бөлімшелері ­«Өзенмұнайгаз» бен «Ембімұнайгаз» дербес заңды тұлға ретінде жұмысын бастайтынын мәлімдеді.

«Осылайша бұл мұнай қомпанияларының жұмысшылары өз мәселелерін өздігінен шеше алатын болады. Бұл әлеуметтік саланы дамытуға және өндірістің тиімділігін арттыруға оң ықпал етеді. Біз компанияның өндірістік қызметі жүргізілетін елді мекендерді дамытудың әлеуметтік қырларына ерекше көңіл бөлеміз. Соңғы уақытта біз Жаңаөзен мен Қаражанбаста екі мың адамды жұмысқа орналастырдық», - деді Л.Қиынов.

Мемлекет басшысы кездесудің соңында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының алдына бірқатар міндет қойып, нақты тапсырмалар берді.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ – Қазақстанның мұнай-газ саласында мемлекеттің мүдделеріне өкілеттік ететін көмірсутекті барлау, өндіру, өңдеу және тасымалдау жөніндегі ұлттық оператор. ҚМГ акцияларының 100% «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ына тиесілі. 

Астана. 27 маусым. ҚазТАГ
PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту