Қазақстанның мұнай зауыттары І жартыжылдықта 7 млн. тоннадан астам мұнай өңдеді

размер шрифта: Aa | Aa
01.08.2012 11:58
Индустрияландыру бағдарламасының аясында елімізде Мұнай-газ саласын дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған салалық бағдарламасы іске асырылуда.

altБұл бағдарламаның мақсаты - халықаралық транзит көлемінің өсуін және ішкі нарықтың мұнай және газ өнімдеріне деген қажеттілігін қамтамасыз ету, деп хабарлады pm.kz сайты.

ҚР Мұнай және газ министрлігінің ақпараты бойынша, мұнай өндіруші компаниялар ағымдағы жылдың І жартыжылдығында 39,7 млн. тонна мұнай өндірді, оның ішінде газ конденсаты да бар. Алдын ала мәліметтер бойынша, мұнай экспортының көлемі 33,96 млн. тоннаны құрады. Ал 2012 жылға белгіленген жоспар 71 млн. тоннаны шамалайды.

Оған қоса, аталған кезеңде Мұнай және газ министрлігі мұнай-газ кеніштерін игеру және барлау жұмыстарының 100-ден астам жобалау құжаттарын қарап шықты, сондай-ақ технологиялық көрсеткіштерді, оның ішінде 30-дан астам кеніш бойынша мұнай өндірісінің көлемін нақтылады.

Айта кету керек, отандық мұнай өңдеу зауыттарында 7 186 мың тонна мұнай өңделді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 10,9 пайызға көп. 1484 мың тонна бензин, 2095 мың тонна дизель отыны, 1773 мың тонна мазут, 195 мың тонна авиакеросин өндірілді.

 «Индустрияландыру бағдарламасына сәйкес, 2014 жылы қазақстандық зауыттардағы мұнай өңдеу көлемі 15 тоннаға дейін артып, 84-80 пайызға дейін терең өңделетін болады және отандық мұнай өнімдерінің сапасы Еуро сапа стандартына жеткізіледі»,- делінген ведомство хабарламасында.

Бүгінгі таңда республикада үші мұнай өңдеу зауыты: Атырау мұнай өңдеу зауыты, Павлодар мұнай-химия зауыты және Шымкент мұнай өңдеу зауыты жұмыс істейді.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңарту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауымен жүктелген міндеттерге сәйкес, елімізде мұнайды терең өңдеуге, қалдық ауыр мұнай өнімдерін жоғары сапалы мотор отындарына қайта өңдеуге бағытталған үш жоба қолға алынып отыр.

Бірінші жоба бойынша Атырау мұнай өңдеу зауытында мұнайды терең өңдеу кешенін іске қосу қарастырылса, екінші жоба - Атырау газ-химия кешенін жобалық қуатына шығаруды, ал үшінші жоба - Қарашығанақ кенішінде газ өңдеу зауытын салуды қарастырады.

Мұнай және газ министрлігінің ақпараты бойынша, қазіргі таңда Атырау мұнай өңдеу зауытында мұнай өңдеу кешенінің құрылыс алаңы дайындалып жатыр, 2013 жылдың наурыз айында негізгі құрастыру жұмыстары басталып, 2015 жылы кешен пайдалануға берілмек.

Ал Атырау газ-химия кешеніне келер болсақ, онда құрылыстың І кезеңі бойынша негізгі технологиялық қондырғылар мен ішкі желілердің 78 пайызы жобаланып бітті, инфрақұрылым нысандарын жобалау жұмыстары аяқталуға жақын. Ал Қарашығанақ кенішіндегі газ өңдеу зауыты құрылысының бірінші кезеңі 2014-2017 жылдарға жоспарланып отыр.

Аталған жобаларды іске асыру мұнайдың өңделу тереңдігін арттыруға, қалдық ауыр мұнай өнімдерін жоғары сапалы мотор өнімдеріне қайта өңдеуге, сондай-ақ экспорттық мұнай-химия өнімдерін шығаруға мүмкіндік береді.

АСТАНА. 31 шілде. ҚазАқпарат 

PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту