Атырау облысының жаңа әкімі Қашаған кен орнындағы жұмыстарды бақылауына алады - Мемлекет басшысы

размер шрифта: Aa | Aa
17.08.2012 12:06
Бүгін Атырау облысына жасаған жұмыс сапары барысында Қазақстан Президенті аймақтың жаңа әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовты таныстырып, оған бірнеше міндет жүктеді.

Облыстың әлеуметтік-экономикалық болашағын дамытудан бөлек Б.Ізмұхамбетов Қашаған кен орнындағы мұнай операцияларын бақылауға ерекше назар аударуы тиіс.

«Ол нағыз мұнайшы маман. Қашаған кен орнында мұнай шығару алдындағы жұмыстар аяқталуда. Бұл жұмыстар қазақстандық тараппен келісім бойынша ғана жүргізілуде. Облыстың жаңа әкімі мұнай компанияларының әрекеттерін қадағалайды», - деп хабарлады Президент.

Бақтықожа Ізмұхамбетов - кәсіби мұнайшы, оның өмірбаяны 2007 жылға дейін мұнай саласымен тығыз байланысты. Уфа мұнай институтын тәмамдаған. 1971-1991 жылдары «Ембімұнай» бірлестігінің Прорва бұрғылау кеңсесінде, «Қазмұнайгазбарлау» басқармасында, Қазақ геологиялық барлау ғылыми-зерттеу мұнай институтында, кеңестік мұнай барлау экспедициясының құрамында шетелдегі іссапарда түрлі қызметтерде жұмыс істеген. 1991-1992 жылдары - ҚР Геология және жер қойнауын қорғау министрлігі Мұнай және газ басқармасының бастығы. 1993-2003 жылдары - «Қазақтүрікмұнай» ЖШС БК-ның бас директоры; «ҚазМұнайГаз» ҰК ЖАҚ теңіз жобалары жөніндегі бірлескен кәсіпорындардың атқарушы директоры, «Қазақстанмұнайгаз» ҰМК-ның теңіз жобалары жөніндегі атқарушы директоры болып жұмыс істеген. 2003 жылдың желтоқсанынан 2006 жылға дейін - ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің бірінші вице-министрі. 2006-2007 жылдары - Қазақстан Республикасының энергетика және минералды ресурстар министрі.

Қашаған кен орнында бірінші мұнай шығару мерзімінің басталуы ағымдағы жылдың желтоқсанына белгіленген. Қазақстанның шетелдік инвесторларға қойған талаптары бойынша, егер шығарылу уақыты бірнеше рет кейінге шегеріліп келген мұнай желтоқсанда шығарыла бастамаса, еліміз Қашағанды игеру бойынша шығындардың көп бөлігін өтеуден бас тартады.

АТЫРАУ. 15 тамыз. ҚазАқпарат
PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту