Бөкей ордасының екі бірдей елді мекенінде газ алауы жағылды

размер шрифта: Aa | Aa
31.08.2012 17:20
Конституция күні қарсаңында Бөкей ордасы ауданында бұрынғы бөлімше орталығы болған Үштерек (Орда ауылдық округі), Әжен (Мұратсай ауылдық округі) елді мекендеріне табиғи газ жеткізіліп, шалғай ауылдардың тұрғындары зор қуанышқа кенелді.

Үштерек ауылы тұрғындарының қуанышын бөлісуге келген аудан әкімі Нұрлан Сабыров өз сөзінде үштеректіктердің бұрынғы бөлімше орталықтары арасында табиғи газға ауданда бірінші қол жеткізіп отырғандарына тоқталып, шалғай ауылдарда да тұрмыстың түзеліп келе жатқандығын нақты мысалдармен әңгімеледі.

Үштеректегі әлеуметтік нысандармен (бастауыш мектеп, кітапхана, медпункт) қатар үш тұрғын үйге табиғи газ барып тұр. Қалған жиырма үй иелері де «көгілдір отынға» қол жеткізбек ниетте.

Әжен ауылы - Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдарда Одаққа танылған №88 түйе зауытының орталығы. 1972 жылы аудан тарағанда иесіз қалып, азып-тозған елді мекен алпысыншы жылдары М.Мәметова атындағы совхоздың, жетпісінші жылдардың орта шенінде «Мұратсай» совхозының бөлімше орталығы болып еді, ғасыр соңындағы нарықтың өтпелі кезеңі тағы тұралатып кетті. Еліміз еңсесін көтергелі бері әжендіктердің бойына қан жүгіріп, шаруалары да түзелу үстінде. Орда-Мұратсай-Сайқын тораптық су құбыры мен Мұратсай-Сайқын газ құбыры тоғысындағы олардың «Таза су» бағдарламасының игілігін көре бастағанына екі-үш жылдың жүзі өтсе, 29 тамыз күні ауылдық кітапхана, клуб және екі тұрғынның үйіне табиғи газ кіргізілді.

Аудан әкімі Нұрлан Сабыров пен Мұратсай ауылдық округі әкімі Сұңғат Қойшекеновтен кейін сөз алған 85 жастағы Жамиға Қиясова Конституция күніне ауыл тұрғындарына үлкен тарту жасаған ел басшылары мен олардың қосшыларына ризашылығын білдірді.

 
ОРАЛ. 29 тамыз. ҚазАқпарат
PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту