Елбасының еңбек туралы мақаласы басты бағдарымызға айналды - Ә.Баесов, облыстық мәслихат депутаты, БҚО

размер шрифта: Aa | Aa
07.09.2012 12:33
Таяуда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласы жарияланғаны белгілі.

 Биылғы Жолдауды толықтырған бұл бағдарлама бүгінде басты бағдарымызға айналды. Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында барлық мекемелер мен кәсіпорындар секілді, біз де еліміздің экономикасын көтеру бағытында жұмыстанудамыз. Бұл туралы «Оралмұнайгазгеология» АҚ бас директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Әлібек Баесов өз ой-толғамын былайша білдірді.

-Егеменді еліміз 20 жыл ішінде барлық сала бойынша үлкен жетістіктерге жетті. Мол табыс Елбасының сындарлы саясаты мен халықтың адал еңбегінің арқасында келді, деді ол. Меніңше, мұны барша қазақстандық біледі.  Сондай-ақ Елбасының жаңа бағдарламасымен танысқан әр адам мұнда айтылған ұсыныстарды сөзсіз қолдайды деп ойлаймын. Шынында да, өз өмірін жақсартқысы келген әр адам сәл нәрсені сылтау қылып жатып алмай, адал еңбек етуге ұмтылуы тиіс. Тоқсаныншы жылдардың тоқырауы ерік-жігері әлсіз көптеген адамның масылдыққа салынуына себепші болды. Бүгінде ұмтылған адамға жұмыс бар, мемлекет түрлі бағдарламаларды ұсыну арқылы жұмыс істегісі келген адамға мол мүмкіндік жасауда. Осыны  пайдаланып, әркім қолынан келген жұмысын істеп, мемлетеке де, өзіне де пайда әкелуі тиіс.

Мен басшы ретінде өз ұжымыма Елбасымыздың осы талабын жеткізуден жалыққан емеспін. Және облыстық мәслихат депутаты ретінде де сайлаушыларыммен кездескенде осы жөнінде айтып, оларды үнемі еңбек етуге шақырамын.

Округ тұрғындарының өтініші бойынша депутат ретінде олардың кейбіреуінің емделуіне, жұмысқа орналасуына немесе жұмыссыз адамдардың кәсіби мамандануына шамам келгенше көмектесіп жүрмін. «Жақсылық жасасаң, балаға жаса» демекші, өз басым балалар мен қарттардың өтінішін жерге тастағым келмейді. Мысалы, біздің мекеме биыл №27 округ аймағында орналасқан №2 орта мектеп оқушыларына оргтехника жабдықтарын тарту етті. Сондай-ақ №5 саз мектебінің дарынды балаларына қаржы бөліп, оларға Беларусьта өткен халықаралық фестивальға қатысуға  мүмкіндік берді. Және Достық орта мектебі ұжымының өтініші бойынша оларға қажетті құрылыс материалдарын сатып алып бердік. Сондай-ақ 9 мамыр қарсаңында Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен және бұрын геология саласында жұмыс істеген еңбек ардагерлерімен кездесу ұйымдастырып, олардың көңілдерін көтердік. Мейрамдарымен құттықтап, тарту-таралғы жасағанымызға қариялар қатты қуанып қалды.

Әлеуметтік жауапкершілікті назардан еш уақытта тыс қалдырмайтын біздің мекеме жыл сайын республикалық «Мектепке жол» акциясына қатысуда. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларын оқу құралдарымен қамтамасыз ету мақсатында біз биыл тамыз айында өз қамқорлығымыздағы Достық  орта мектебінің 90 оқушысына сабаққа қажетті құрал-жабдықтарын сатып алып бердік. Сондай-ақ қыркүйек айының алдағы күндерінде біз «Конденсат» компаниялар тобымен бірге №27 округ аумағында орналасқан №2, №13 және №33 орта мектеп оқушыларының бірқатарына жаңа оқу құралдарын сыйға тартпақпыз. 

Меніңше, қамқорлықты еңбек етуге жарамсыз балалар мен қарттарға және мүгедек жандарға жасаған дұрыс. Ал дені сау, жұмыс істеуге қабілеті бар адамдар өздерін өздері асырауға ұмтылуы керек. Елбасымыз өзінің жыл сайынғы Жолдауларында да, таяудағы жаңа бағдарламасында да осы мәселеге баса назар аударған. Аңғарып қарасаңыз, қазақтың «Еңбек етпеген ішіп-жемейді»,  «Еңбек етсең, емерсің» деген мақалдары Елбасы сөзінің түйіні секілді емес пе? Бір кездесу кезінде сайлаушыларым маған №27 округқа қарасты Қаратал, Луговая, Ақтөбе, Физкультурная көшелерін абаттандырып, Чапаев атындағы Затонның №4, №6 үйлерінің төбесін жөндету жөнінде көмек сұрады.  Тұрғындар, сондай-ақ, байырғы білім ордаларының бірі  №13 мектепке күрделі жөндеу жүргізу қажеттігін айтты. Олардың жоғарыдағы өтініштерін қанағаттандыру мақсатында облыс әкімдігінің экономика және бюджетті жоспарлау басқармасына сол кездері сұрау салып, хат жолдаған болатынмын.    Аталмыш басқармадан жақында тиісті жауап келді. Ресми хатта бұл мәселелердің таяу арада  қала бюджеті негізінде шешілетіні жөнінде хабарланған.

«Оралмұнайгазгеология» АҚ өңіріміздегі  ірі  кәсіпорындардың бірі  «Конденсат» компаниялар тобына кіреді. Ал аталмыш компания өзінің құрылған күнінен бастап, «Сену. Еңбектену. Жеңу» деген сөзді ұран етті. Осы компания құрамындағы «Оралмұнайгазгеология» АҚ-ның қызметкерлері мен жұмысшылары да осы ұранды  басшылыққа алып жұмыстануда.

Геологиялық барлау жұмысына кәсіби мамандар даярлау мақсатында біз қаладағы Орал мұнай, газ және салалық технологиялар колледжімен тығыз байланыста жұмыс істей бастадық. Аталмыш колледж студенттері бізде жыл сайын өндірістік машықтанудан өтуде. Машықтану барысында өздерін жақсы қырынан көрсеткен студенттердің бірқатарын маман кадрлар даярлау  мақсатында мекемеге тұрақты жұмысқа алып қалуға тырысамыз. Сондай-ақ мекемедегі жас жұмысшылардың кәсіби мамандануына мүмкіндік беріп, бұрғылау жұмысының алаңсыз жүргізілуіне де баса назар аударудамыз. Соның нәтижесінде соңғы кездері мекемемізде өзі ісін шебер меңгерген геолог-барлаушылар саны көбейе бастады. Мекемемізде «Шеберлер күні» тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады. Жұмысшылардың қатысуымен өткізілетін бұл жиында жұмыс жағдайы ашық талқыланып, олардың пікірі тыңдалады. Бұл жағдай жұмыс барысында туындаған кейбір түйткілді мәселелердің дер кезінде шешіліп, ұжым мүшелері арасында жақсы қарым-қатынастың қалыптасуына мүмкіндік береді.

«Сөз түйіні ретінде Елбасымыздың  Жалпыға ортақ еңбек қоғамын қалыптастыру жөніндегі бағдарламасы барша қазақстандық назарына дер кезінде ұсынылғанын айтқым келеді. Шынында да, үлкен еңбекпен жеткен жетістігімізді одан әрі жетілдіріп, мемлекетіміздің қуатын одан әрі арттыру үшін әрбір қазақстандық тың серпіліспен жұмыс істеуі тиіс. Ол үшін жаңа заман талабына сай білім алып, ғылымымызды дамытуымыз керек, өндіріске жаңа технологияларды көптеп енгізуге күш салуымыз қажет. Барша қазақстандық жұмыспен толық қамтамасыз етілгенде ғана халқымыздың әлеуметтік жағдайы жақсарып, бақуатты елдер қатарына қосыламыз. Мемлекет басшысы ұсынған бұл идея барша қазақстандыққа ерекше күш-қуат беріп, олардың ертеңгі күнге деген сенімін күшейтеді деп ойлаймын», деп қорытты ойын Ә.Баесов. 

ОРАЛ. 7 қыркүйек. ҚазАқпарат 

Ключевые слова: Батыс Қазақстан облысыМұнай-газҚоғам
PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту