Астанада KAZENERGY форумы аясында Қазақстан тарихында алғаш рет Бүкіләлемдік мұнай кеңесінің отырысы өтеді

размер шрифта: Aa | Aa
20.09.2012 13:09
 Астанада дәстүрлі KAZENERGY  Еуразиялық энергетикалық форум аясында Қазақстан тарихында алғаш рет Бүкіләлемдік мұнай кеңесінің отырысы өтеді.

Бұл туралы бүгін форумның дайындық барысына арналған баспасөз мәслихатында KAZENERGY қауымдастығының бас директоры Жанболат Сәрсенов мәлім етті.

 «Астанада мұнай кеңесінің отырысын өткізу - аса елеулі оқиға. Әдетте, кеңес отырысы өткізілген жерде көп кешікпей бүкіләлемдік мұнай конгресі де ұйымдастырылып жатады. Бұл отырыс елдің әлеуетін алғашқы бағамдау деп есептеген дұрыс. Бізге 60-тан астам ел келеді. Біз оларға өзіміздің энергетикалық әлеуетімізді, халықаралық істердегі белсенділігімізді көрсетеміз», - деді Ж. Сәрсенов.

 Компаниялардың атап өткеніндей, Қазақстан астанасының Бүкіләлемдік мұнай кеңесінің өткізілетін орны ретінде таңдап алынуы - еліміздің абыройын халықаралық аренада жоғарылататын болады.    

Еске салайық, 2-3 қазанда Астанада дәстүрлі KAZENERGY Еуразиялық энергетикалық форум өтеді. KAZENERGY қауымдастығының ұйытқы болуымен осымен жетінші рет ұйымдастырылатын форум отандық және құрлықтық энергетикалық сала үшін аса маңызды халықаралық шара болып табылады. Екі күн бойы әртүрлі елдердің мемлекеттік органдарының және ірі халықаралық энергетикалық корпорацияларының басшылары, сондай-ақ энергетика саласының әлемге танымал әрі тісқаққан сарапшылары еуразиялық және әлемдік ауқымдағы өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасып, тәжірибелерімен бөліседі.

 Форум бағдарламасы аясында пленарлық отырыстар, дөңгелек үстелдер, тақырыптық семинарлар сондай ақ KAZENERGY-дің жастар форумы өтпек.

АСТАНА. 20 қыркүйек. ҚазАқпарат
PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту