Қазақстанның мұнайгаз саласы: қазақстандық мазмұнның үдемелі даму бағыты

размер шрифта: Aa | Aa
09.11.2012 12:22

Energy Focus

Қазақстан баспасөзіндегі отандық өндірістің дамуы туралы ақпараттар тасқынында «қазақстандық мазмұн» деген терминді жиі кездестіретін болдық, ал оның мағынасы үлкен маңызға ие бола бастады. Дәл осы ұғым Қазақстан экономикасының тұрақтылығы мен оның секторларының дамуы жайында әңгімеге арқау болып отыр. 

«Қазақстандық мазмұн» дегеніміз – Қазақстанның технологиялық және индустриалды дамуының көрсеткіші және онда еліміздің аумағындағы кәсіпорындар қызметін жүзеге асыруға қолданылатын қазақстандық еңбек ресурстары мен қызмет түрлерінің және тауарлардың құндық кейіптегі үлесі.

Тәжірибе көрсеткендей, Қазақстан экономикасының құрылымында кен өндіруші өнеркәсіпте, әсіресе мұнайгаз секторында «қазмазмұнның» үлесі жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2009-2011 жылдары  Мұнайгаз секторының жергілікті өндірушілерден сатып алу бағдарламасының нәтижесі бойынша, «қазмазмұнның» үлесі 6 есеге артып, 1 748  млрд. теңгеден асқан. Бұдан бөлек, бірқатар проблемаларға қарамастан, ұлттық компаниялар келісімшарттардың басым бөлігін қазақстандық фирмалармен жасасыпты. Бүгінге дейін жүйе қалыптастырушы кәсіпорындардың сатып алу деңгейі 635 979, 4 млрд. тенгені құрап отыр. Ал 2011 жылдың қорытындысы бойынша, жүйе қалыптастырушы кәсіпорындардың жергілікті мазмұндағы үлесі 21 пайызға дейін өсіп, 135 млрд. теңгеге жеткен. 

Осылайша, мұнайгаз секторы отандық өнеркәсіптің өсуі мен оның ішкі және халықаралық нарықтағы бәсекелестігінің артуының негізгі факторларының біріне айналып отыр. Оның үстіне, болашақта Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына ену салдарына қазақстандық сарапшылар біржақты баға беріп жүрген жоқ. Яғни, келешекте «қазмұнды» ұғымын тағы да нақтылай түсіп, демек сапа стандарттарын енгізіп, қазақстанда өндірілген және жаңадан өндірілетін тауарлар мен көрсетілетін қызмет түрлерін сертифаттау қажеттігі туындамақ. 
           
Қазақстандық компаниялар жаңа стандарттарға шығады

Дегенмен, кейінгі кездері елімізде отандық өндірушілер проблемаларына көбірек мән беріліп жүргенін және Қазақстанның батысында халықаралық стандартпен сертификатталған тауар шығаратын кәсіпорындар құрылып жатқанын ескерсек, біздің ішкі нарығымздың тарлығы болашақта тежегіш  рөл ойнайтынын біршама сеніммен айтуға болады. Әзірге Қазақстанның мұнайгаз секторында жұмыс істеп жатқан өнеркәсіптік компаниялар өндіріс қуатын күшейту мен стандарттау саясатын жүргізіп, қазақстандық қызметкерлердің кәсіби деңгейін көтеруге күш салып отыр. Естеріңізге сала кетсек, дәл осы мәселе жайында KAZENERGY Қауымдастығы мен Қазақстанның мұнайгаз секторындағы ірі ойыншылар ( «КМГ» ҰҚ АҚ, НКОК, ТШО, КПО) аясында Ақтауда қыркүйек айында өткен «Батыс Қазақстанда жаңа жұмыс орындарын ашу» атты  инвестициялық форумында   әңгіме қозғалды.

Форумда сөз алған «Норт Каспиан Оперейтинг Компаниясының» (НКОК)  басқарушы директорының орынбасары Жақып Марабаев қазақстандық бірнеше үлкен зауыттың Америка мұнайгаз институтының (API)  және Америка инженер-механиктер қоғамының (ASME) сертификаттарын алғанын айтып берді. Бұл жерде әңгіме мына компаниялар жайында болып отыр:  Өскемен арматура зауыты,  Батыс-Қазақстан машина жасау компаниясы, Петропавл ауыр машина жасау зауыты және Монтаж Инжинириг. НКОК өкілдерінің айтуынша, Консорциум үшін де, Солтүстік Каспий жобаларындағы Агент-компаниялар  үшін де  қазақстандық мазмұнды дамыту басымдыққа ие. Оның бір дәлелі сол, 2006 жылдан бүгінгі жағдайға дейін жергілікті тауарлар мен көрсетілген қызметтер үшін 8,5 млрд. астам АҚШ доллары жұмсалған.  Тек өткен жылдың өзінде 109 жергілікті компания Консорциумның талабына сәйкес біліктілік аудитінен сәтті өтті. Ал потенциалдық жеткізушілердің мәліметтер базасына 2600-ден астам қазақстандық компания тіркелген. Одан бөлек, жергілікті мазмұнды дамытудың ұзақмерзімдік бағдарламасын жүзеге асыру жолында Консорциум оқуға бастама болып, 56 жергілікті компанияны ISO 9001, ISO 14001, ISO 22000 и OHSAS 18001 тәрізді халықаралық стандарттармен сертификаттады.

Бұл сертификаттарға иелік етудің қазақстандық компаниялар үшін маңызы мен пайдасы зор. Себебі, оның арқасында операторлық келісімшарттар  мен Солтүстік Каспий жобалары бойынша агенттік компаниялардың тендерлеріне қатысып қана қоймай, ел ішінде және шетелде тиімділік пен бәсекелестікті арттыруға болады.

Ірі өнеркәсіпшілер не жайында уағдаласты?

Өткен инвестициялық форумға сараптама жүргізе отырып, оның маңызды жетістігі деп Қазақстандағы жер астын пайдаланатын үші ірі компанияның (ТШО, КПО, НКОК)  жетекшілері мен «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ ұлттық мұнайгаз операторының бірлескен әрекеті туралы Ақтау декларациясын атап өткен жөн. Бұл декларация үйлестіру механизмі мен операторлардың, инвесторлар мен мемлекеттік мекемелердің жергілікті мазмұнын дамыту бойынша жекелеген бағдарламаларды келістіруге бағытталған.  
Шара аясында мынадай негізгі бағыттар бойынша сегіз меморандумға қол қойылды: олар – жергілікті кәсіпорындар құру, стандарттар мен процедураларды унификациялау, отандық өнеркәсіп мәліметтерінің базасын құру, кадрлық әлеуетті дамыту, қазақстандық  мазмұнды дамытуға бағытталған өндіріске инвестиция салу.  Мәселен, КМГ мен Маңғыстау облысының әкімшілігі және «Castle Oil and Gas Fields Services» арасында Жаңаөзен қаласында индустриалдық парк салу туралы келісімге қол қойылды. Ал КМГ, «Самұрық-Қазына Инвест», Маңғыстау облысының әкімшілігі, «Vallourec & Mannesmann Tubes» араларындағы келісім мұнайгаз саласы үшін құбыр шығаратын зауыт салуды көздейді. КМГ мен Қытайдың Ұлттық Мұнайгаз Корпорациясы қол қойған меморандум батыс облыстарда әртүрлі мұнайгаз жабдықтарын шығаруға мүмкіндік бермек.

Сонымен қатар, шетелдік инвесторлар Батыс Қазақстанды экономикалық әлеуеті зор қызықты нарық деп есептейді. Дәл осы аймаққа әлемнің 60-тан астам елінен инвестиция бағытталып отыр. Сондықтан болашақта индустриалды-өндірістік цикл Қазақстанның батыс аймағын тұтастай қамтуды жоспарлап отыр. Шетелдік инвесторлардың ерекше қызығушылығының айқын бір дәлелі, «Schlumberger» франко-америкалық компаниясының Каспийдегі құбырларды зерттеуге арналған өндірістік  базаны пайдалануға беруі. Бұл торапты орталықтың мақсаты – барлық Каспий аймағында жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсету.  Біз үшін мол қаражатты ғана емес, технологиялар трансфертін де қажет етін өндірістік бірлестікке иелік ету мен қазақстандық мазмұнмен байланысты бірқатар мәселелерді жүзеге асыру  өте маңызды. 

Дегенмен, «Schlumberger» тәжірибесі жалғыз емес. Қазақстан мұнайгаз секторындағы шетелдік ірі ойыншылардың Батыс Қазақстанға қатысты даму жоспарлары салмақты дер едім. Шындығында, өзге кәсіпорындардың қалай және қайда орналасатыны әзірге белгісіз. Бірақ, қазірдің өзінде шикізат қоймасының қақ ортасында орналасқан ірі қала Атырауды «Қазақстан Хьюстонына» айналады деп пайымдауға болар. Ал Ақтауға еркін-экономикалық аймақ рөлі бұйырғандай. Оған мысал – «Ақтау теңіз порты». Естеріңізге сала кетсек, бұл еркін экономикалық аймақтың әрекет ету мерзімі 2028 жылдың 1 қатарына дейін белгіленген. Оны құрудағы мақсат – қосымша нвестиция, технология және басқару тәжірибесі есебінен аймақты жедел дамыту, жоғарытехнологиялық және бәсекеге қабілетті өндіріс ошақтарын ұйымдастыру, жаңа өнім түрлерін шығару, әлеуметтік проблемаларды шешу. Бүгінге дейін арнайы экономикалық аймақта 51 инвестициялық жоба тіркелген және тағы 44-і енді жүзеге асырыла бастады.

«Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы құрылғалы, оның аумағында 5 жоба жүзеге асыпты: «Keppel Kazakhstan» ЖШС – «Теңіз металл конструкциялары зауытының» жобасы (сатылған өнімнен 2011 жылы түскен табыс көлемі -  15,6 миллаирд теңге); «АЗСТ» ЖШС – «Жоғары қысымды шыны талшықтар зауытының» жобасы (сатылған өнімнен 2011 жылы түскен пайда – 250 миллион теңге); «Arcelor Mittal Tubular Products Aktau» АҚ – «Мұнай сұрыптамасындағы құбырлар шығару зауытының» жобасы (2011 жылы сатылған өнімнен түскен табыс – 2,7 миллиард теңге); «Ақтауполимер» ЖШС – «Ақтау қаласы оқшауланған құбырлар шығару» жобасы (2011 жылы сатылған өнімнен түскен пайда – 263 миллион теңге) және  «Caspiy Electronics» ЖШС-і.

Еркін экономикалық аймақта жүзеге әлі асырылып жатқан тағы 9 жоба бар. Олар: «Сұйық дәрілік формалар мен медициналық бұйымдар шығаратын фармацевтикалық кешен»; «Оффшорлық контейнерлер шығаратын инжинирингтік монтаждық кешен»; «Механикалық жабдықтар зауыты. Клапандар, регуляторлар, деңгей өлшеуіштер, арматураны басқару құралдары»; «Қазақстан лифт жасау зауыты»; «Төмен қысымды полиэтиленнен құбыр жасау зауытының құрылысы»; «Болат пен құймалар шығаратын металлургиялық зауыт құрылысы» және тағы басқалар.

Жалпы алғанда, бұл жобалар мемлекет алдында тұрған  жаңа өндіріс ошақтарын салу, қазақстандық мазмұнға қатысты проблемаларды шешу мақсаттарының бірте-бірте орындалып жатқанын айғақтайды. Және осы орайда  мұнайгаз өнеркәсібінің рөлі едәуір маңызға ие. Себебі келесі жылдан бастап мұнай қоры 1,5 – 10,5 млрд. тоннаға бағаланған Қашаған кенішін коммерциялық мақсатта игеру жұмыстары басталады.  Жаңа өндіріс орындарын салу, заманауи технологиялар мен стандарттарды енгізу көптен күткен технологиялық секіріске алып келеді, және бұның бәрін ұлттық экономиканы түбегейлі жаңарту факторы ретінде пайдалануға болады, ал содан кейін экономиканың өзге секторларын толыққанды дамытатын мүмкіндік туады.
 
Серіктестік қағидаты – бәрінен жоғары
Халықаралық тәжірибе айқын көрсетіп отырғандай, Қазақстан бүгінгі жағдайда бірте-бірте «әкімшілік әдістен ерікті немесе ынталандырушы тәсілге» көшкені абзал. Серіктестік қағидатын негізге алған елдерде жергілікті мазмұнның өсу қарқыны шынында да жоғары. Мысалы, Бразилияда оның өсімі 75 пайыз, Норвегияда – 60-80 пайыз аралығында. Бұны біздің ел де түсінеді. Ақтау форумында сөз алған «KAZENERGY» Қауымдастығының бас директоры Жанболат Сәрсеновтің пікірінше, қазақстандық мазмұнның өсімі билік қысымы мен инвесторлардың қарсылығына ұласпауы керек. Осы мақсатқа жету үшін жер қойнауын пайдаланушылар мен мемлекет арасында үнемі диалог жүргізе отырып, KAZENERGY Үйлестіру кеңесі ең алдымен «сапаны бағаның алдына шығаруы» керек, сондай-ақ ұлттық және халықаралық стандарттардың жарасымдылық саясатын жүргізіп,   «импорттың орнын басу», «экспортқа бағытталу» қағидаттарын бәрінен жоғары қоюы керек.  

«KAZENERGY» Ғылым, инновация және қазақстандық мазмұнды дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесінің 2012 жылы қарашаның 9-да өтетін отырысында мәселелер дәл осы тұрғыдан қарастырылады. Жұмыс көп. Өндіріс көлемі мен отандық тауарларды, қызметтерді сатып алу деңгейін қажетті межеге жеткізбейінше, көп мәселені жан-жақты сараптап, талқылауға тиіспіз.  Осы жерде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Ләззат Қиыновтың  жаңа өндіріс салу құрушы-компаниялардың өздеріне тиімді деген сөзі дұрыс. Ең алдымен кедендік одақ шеңберіндегі нарықта орасан мүмкіндіктер ашылып отыр. Дегенмен, уақыт өте келе Қазақстанның қайта өңдеу өнеркәсібі ішкі және сыртқы нарықта өте жоғары деңгейге көтеріліп, республиканың Дүниежүзілік сауда ұйымына өтуі сөзсіз артықшылыққа айналуы ғажап емес. Әзірге біз жер қойнауын пайдалану құқығын берерде және қызметтер мен кадрларды жалдарда 50 пайызға дейін қазақстандық мазмұнды сақтауды талап ету құқығын келіссөздер барысында сақтап қалдық. Осының өзі аз жетістік емес.  

Ключевые слова: KAZENERGYҚазақстанның мұнайгаз саласы
PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту