Күдіктенуге негіз жоқ

размер шрифта: Aa | Aa
09.11.2012 14:25
Әлемдік тәжірибе мынаны көрсетіп отыр – шетелдік инвесторлармен белсенді түрде ынтымақтаса отырып, өнеркәсіпте отандық мазмұнның үлесін арттыру елді дамудың жаңа жолына түсіреді

Түркияда, Таиланда немесе, айталық Қытай мен Германияда болған адам бұл елдерде шетелдік және жергілікті компаниялардың отандық өнімдерді пайдаланатынына назар аударған болар. Әрине, қандайда бір импорттық жабдықтар да көзге түсер, алайда бұл үйреншікті жағдай емес. Еңбек ресурстарын пайдалану үрдісінде де дәл осындай ахуал. Оларда  жаңа өндіріс ошағын іске қосу үшін  өзге елдерден жұмыс күшін тартуға бастапқы кезеңде ғана рұқсат беріледі. Мерзімі аяқталғанда, сол жат жұрттық мамандардың орнын жергілікті кадрлар басуы керек.

Күнделікті өмірде отандық мазмұнды падаланудың әлемдік тәжірибесі біздің елде де белсенді түрде қолға алынып отыр. Бұл объективті процесс. Қазір Қазақстанда отандық шикізаттық емес өнеркәсіпті өзіміздің инженерлік-техникалық және жұмысшы кадрлармен күшейтуге нақты мүмкіндіктер туғанын сеніммен айтуға болады.

Бұл орайда үкіметтің инвестициялық саясатты дұрыс жүргізуі маңызды рөл ойнағанын мойындаған жөн. Тәуелсіз ел экономикасын дамыту үшін алғашқы жиырма жылда өндіруші өнеркәсіпке басымдық берілді. Йә, өткен жылдары Қазақстан атына экономикалық саясатты «бір жақты» жүргізді деген сын аз айтылған жоқ. Алайда, бүгінде Қазақстанның, мысалы, мұнайгаз өнеркәсібінің әлемде көмірсутекті шикізатты өндіру мен тасымалдауда жетекші орынға шықанына күмән келтіру қиын. Сондықтан өзінің өсім жетістіктеріне сай Қазақстанның дәл осы мұнайгаз секторы жергілікті мазмұнға алғашқы болып мұқтаждық білдірді. Өйткені, құнды көмірсутекті шикізатты өндіруге отандық кәсіпорындар мен жұмыс күші неғұрлым аз тартылса, әлем экономикасы үшін аса маңызды мұнай мен газдың өзіндік құны соғұрлым төмен болады.  Қазақстанның негізгі экспорттық өнімінің өзіндік бағасының арзандығы ел бюджетіне қосымша табысты бағыттауға мүмкіндік береді. Дегенмен, осы жерде бір маңызды шарт бар – жергілікті өндіріс бәсекеге қабілетті, жұмыс күші білікті болуы керек.

Жергілікті мазмұнды дамытудың пайдасына еліміз аумағында көмірсутекті шикізатты өндіріп жатқан шетелдік компаниялар да көз жеткізе бастады. Және де ресми Астана тарапынан қандайда бір қысымсыз-ақ олар осындай қорытындыға келіп отыр. Бұл бағытта Қазақстанда жұмыс істеп жатқан Tengizchevroil және NCOC (North Caspian Operating Company),  KPO (Karachaganak Petroleum Operating) халықаралық консорциумының  тәжірибесі көпшілікке аян. Tengizchevroil мәліметіне қарағанда,  тек осы қазақстандық-америкалық бірлескен кәсіпорынды кеңейтуге  320 қазақстандық компания қатысып, олар 3 млрд. доллардың тауарын жеткізіп, қызметін көрсеткен. Үлгі боларлық тағы бір факт – бүгінде Tengizchevroil компаниясында жұмыс істейтіндердің 85 пайызы - Қазақстан Республикасының азаматтары. Жергілікті мазмұнды арттыруда ірі Қашаған кенішін игеріп жатқан NCOC-тың да тәжірибесі де көп қызығушылық тудырып отыр.  Ресми деректерге жүгінсек, тек 2006 жылдан бергі кезеңде NCOC отандық тауарлар мен қызметтерге 8 млрд. доллардан астам қаражат жұмсаған және  қазақстандық жеткізуші компаниялар үшін 223 жалпыбілім семинарлары мен 24 арнайы форум ұйымдастырды. Бұның қорытындысы сол, NCOC компаниясында жұмыс істейтіндердің 80 пайызы – еліміздің азаматтары. Қарашығанақ жобасындағы қазақстандық мазмұн 38 пайыз ғана. Дегенмен, күмәнданбай-ақ қоюға болады – таяу уақытта жағдай Қазақстан Республикасы үшін түзеле бастайды. Бұл жөнінде сеніммен айтуға толық  негіз де бар.
Себебі елімізде шетелдік әріптестермен тікелей ынтымақтасу арқасында бірқатар жобалар жүзеге аса бастады, олар келешекте өнімдері экономиканың мұнайгаз секторына қажет болатын отандық жаңа кәсіпорындар құруға негіз болмақ. Мысалы, KAZENERGY және «ҚазМұнайГаз» ҰҚ АО қауымдастығы биыл қыркүйекте Ақтауда ұйымдастырған Инвестициялық форум нәтижесінде «Ақтау теңіз порты» еркін экономикалық аймағында мұнай кәсіпшілігіне қажетті құбырлар шығаратын зауыт салынатыны белгілі болды. 

Аймақта бұған үлгі болардың жаңа кәсіпорындар ашылып үлгерді. Мәселен, 2011 жылдың ақпан айынан бастап Мемлекеттік индустриалды-инновациялық бағдарлама аясында жылу және ыстық сумен қамту жүйелерінде қолданылатын полиэтилендік құбырлар шығаратын «Шеврон» зауыты жұмыс істеп тұр. Осы уақытқа дейін Қазақстан металлопластикалық құбырларды Түркиядан, Қытайдан, Ресейден сатып алуға мәжбүр болғанды. Мұндай өндіріс ошағы Орталық Азиядағы көршілері елдерде де жоқ, сондықтан аталған зауыт өнімі ішкі ғана емес, сыртқы нарыққа да бағытталмақ. Дейтұрғанмен, жүзеге асқан жобалар осымен аяқталмақ емес. Компания металлпластикалық құбырлар өндірісінің үшінші линиясын қолға алып, Атырауда тұрғынүй-коммуналдық шаруашылық үшін иілгіш арматура шығаратын тағы бір зауыт салуды көздеп отыр. Иілгіш арматура зауытының құны 20 млн. доллар. Жергілікті тұрғындар үшін қосымша 200 жұмыс орны ашылмақ. Бұл аймақтың да, елдің де экономикалық дамуы үшін өте маңызды. Себебі жоғары білікті мамандардың көбеюі ел деңгейін біршама биік сатыға көтерсе, жаңартылған өндіріс пен озық технология нағыз прогрессивті, жетілген мемлекет болуға мүмкіндік береді. 

Дегенмен, қазақстандық мазмұнға қайта оралсақ, полиэтилендік құбырлар шығаратын зауыт Мемлекеттік индустриалды-инновациялық бағдарлама аясында жүзеге асатын жалғыз жоба емес.  Осы нобай бойынша Атырау облысының Қарабатан ауданында еліміздегі алғашқы біріктірілген газхимия кешенінің құрылыс басталды. Оның қуаты – 1 млн 250 тонна полиэтилен мен полипропиленді құрайды. Бұл екі өнім әртүрлі еріткіштерге, бояғыштарға, химиялық талшықтарға, құрылыс материалдары мен конструкцияларға негіз бола алады. 

Бұдан бөлек, Атырау мұнай өңдеу зауытын (МӨЗ) қайта құру жұмыстары да жалғасып жатыр. Реконструкция нәтижесінде мұнда Еуро-5 жоғары актандық бензині мен дизельдік отын өндірісін үш есеге арттыруға болады. Атырау МӨЗ-і хош иісті көмірсутегін шығаруды да жоспарлап отыр. Болжам бойынша, жаңа кешеннің қуаты жылына 133 мың тонна бензол мен 496 мың тонна параксилол шығаруға шақталған. Бірақ бұл хош иісті өнімдерге еліміздегі газхимия зауытында да сұраныс болмақ.    Ал кешен құрылысына 3, 5 мыңға жуық адам тартылуы мүмкін.

«Ақылды аймақ» бағдарламасы еліміздің Жалпы ішкі өнімінің 40 пайызын қамтамасыз етіп отырған және негізгі отандық өнімдерді өткізу нарығына жақын орналасқан батыс облыстарды дамытуды көздейді. Және бұл бағдарлама Каспийдің жағалау инфрақұрылымын арнайы дамытуды қарастырады. Әңгіме тек еліміз экономикасына қажетті кеме құрылысы мен кеме жөндеу зауыттары жайында ғана емес, жолаушылар желілері  мен жүк таситын теңіз терминалдары, тіпті экологиялық, этнографиялық туризмді дамыту,  көптеген тамақтану орындарын ашу туралы да болып отыр.
Отандық тауар өндірушілер мен қызмет көрсетушілер ұлттық және шетелдік мұнай өндіруші компаниялардың көмегімен халықаралық стандартқа сәйкестік туралы сертификат алып, нәтижелерге қол жеткізгеннен кейін тоқтап қалмағаны абзал.

Тәжірибе көрсеткендей, отандық компаниялардың Қазақстандағы көмірсутегі кеніштерін игеріп жатқан жетекші мұнай өндіруші корпорациялармен белсенді ынтымақтастық орнатуы жайындағы тақырып  өзектілігін әлі жойған жоқ. Бұған көз жеткізу үшін «Қазақстандық мазмұн» үкіметтік порталының тауарлар, жұмыстар, қызметтер жайлы деректер базасына  кірсеңіз жеткілікті.

Қазіргі сәтте мәліметтер базасына қазақстандық мазмұн пайызы жоғары тауарлар шығарып, қызметтер көрсететін 29 отандық өндіруші-кәсіпорын жазылған. Бірақ тек NCOC ақпаратына сай, мәліметтер базасына 56 жергілікті компания тіркеліпті, олардың қызметі  ISO 9001, ISO 14001, ISO 22000 және OHSAS 18001 тәрізді халықаралық стандартарға сәйкес. Ойланатын жағдай. Оның үстіне, Солтүстік-Каспий жобасының өзінде мұнайгаз жабдықтары мен қосымша бөлшектер түрлерінің  30 мың атауы көрсетілген.

Сөз жоқ, Қазақстанда Schlumberger, Halliburton, Baker Hughes и Weatherford тәрізді әлемдік ірі сервистік компаниялардың сервистік базалары мен өкілдіктерінің пайда болуы көңілге үміт ұялатады. Олар еліміздің мұнайгаз секторын өзіміздің өнімдермен, қызметтермен, жұмыс күшімен қамтамасыз етуге қауқарлы. Алайда, босаңсуға жол берілмеуі керек. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, өз экономикасымен салмақты түрде айналысуға бел буған елдер әлемдегі жетекші компаниялардың тәжірибесін пайдаланып, қомақты нәтижеге қол жеткізіп отыр. Экономикалық даму деңгейі бойынша жер шарының жетекші 20 елі қатарына іліккен Оңтүстік Корея, ҚХР, Түркия, Бразилия және дүниежүзінің өзге де мемлекеттері  дәл осылай істеген.  Йә, бұл мемлекеттердің экономикалық жетістікке жеткен жолдары әртүрлі. Дегенмен, олардың өз экономикаларына шетел инвестициясын тартудағы жолы ортақ. Осындай инвестициялардың арқасында олар шетелдік корпорациялар қызметіне жергілікті мазмұнды енгізе отырып, әлемге танымал сауда маркаларды шығара алатын тәуелсіз экономика қалыптастыра білді.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, қазақстандық мазмұн дегеніміз – ұлттық идеяның экономикалық баламасы, алайда бұл ең алдымен нақты кескінге ие және  қателіктерден қашып құтыла алмаймыз. Сондықтан туындаған мәселелерді ұдайы талқылап, оларды шешу жолдарын іздестіру қажет. KAZENERGY Қауымдастығының ғылым, инновация және қазақстандық мазмұнды дамыту жөніндегі Үйлестіру кеңесі мәжілісіне  қатысушылар дәл осы іспен айналысып жүр. Олардың баяндамаларында қазақстандық мазмұнды дамыту, жұмысқа тұру мүмкіндіктерін кеңейту, жергілікті кадрлардың кәсіби деңгейін жетілдіру жайында жиі айтылып жүр, ал мінберден келтірілген сандардың ар жағында іске асқан инвестициялық жобалар мен пайдалануға берілген кәсіпорындар жатыр. 

Егер Қазақстанның біршама айрықша болса да өзіндік даңғыл жолымен дамып келе жатқанын ескерсек, көп кешікпей елімізге келген қонақтар әліемдік стандарттарға сай, бірақ «Made in Kazakhstan» деген белгісі бар өнімді көріп таңырқайтынына күмән келтіруге болмас. Әрине, бұған шәк келтіретін пессимистер де табылып қалар. Алайда, осыдан 20 жыл бұрын Қазақстанның Орталық Азия аймағында басты экономикалық позицияларға ие болатынына сенетіндер әлемде көп болмағанын естен шығармаған абзал. 


Арман Байеке

09.11.2012
Energy Focus

PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту