«Теңізшевройл» өндірісінің тоқтауына алып келген электр энергиясының өшуіне турбинаның жұмысындағы ақау себеп болған

размер шрифта: Aa | Aa
04.01.2013 13:34
Атырау облысында «Теңізшевройл» (ТШО) өндірісінің тоқтауына алып келген электр энергиясының өшуіне турбинаның жұмысындағы ақау себеп болған, деп хабарлады компанияның бұқарамен байланыс бөлімінен.

«Компанияның Атырау облысының Жылыой ауданындағы өндірістік нысандарында электр қуатының жартылай өшуі орын алған. Бұған электр қуатын өндіруші турбиналардың бірінің жұмысындағы ақау себеп болған», - деп хабарлады жұма күні бөлімнен.

Компанияның хабарлауынша, қауіпсіздік шараларына сәйкес, Теңіз кен орнынан алынатын мұнайды тазарту мен дайындау жүргізілетін екінші буын зауыты мен қысымды тұрақтандыру үшін жерасты қабаттарына шикі газ айдау қондырғысы тоқтатылған.

«Бүгінгі күні турбина қайта іске қосылды, электр қуаты қайта берілді», - деп хабарлады компания өкілдері.

Бұған дейін хабарланғандай, қаңтардың 2-сінен 3-іне қараған түні Теңіздегі өндіріс кешені электр қуатынсыз қалған. Облыстық экология департаментінің директоры Ербол Қуановтың айтуынша, бұл аралықта атмосфераға құрамында күкірт сутегі бар қышқыл газдың тасталуы тіркелмеген.

«Теңізшевройл» Атырау облысындағы Теңіз және Королевское мұнай-газ кен орындарын игереді. ТШО мүшелері - ChevronTexaco Overseas (50%), ExxonMobil Kazakhstan Ventures Inc (25%), «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ (20%) және ресейлік-американдық LuKArco (5%).

«Теңізшевройл» компаниясы Қазақстанда 1993 жылдан бері жұмыс істейді.

Атырау. 4 қаңтар. ҚазТАГ

PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту