Алдағы 10 жылда «ҚазМұнайГаз» мұнай шикізатының көлемін жылына 35,4 млн.тоннаға жеткізбек

размер шрифта: Aa | Aa
12.01.2013 12:18
«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясында Елбасының «Қазақстан - 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын талқылау мақсатында ҚМГ басшылығы мен еншілес ұйымдар басшыларының қатысуымен кеңейтілген кеңес өтті,  деп хабарлады компанияның баспасөз қызметінен.

ҚМГ Басқарма төрағасы Ләззат Қиынов өз баяндамасында Елбасымыз әлеуметтік, экономикалық және саяси тұрғыдан қалыптасқан мемлекетіміздің жаңа саяси және экономикалық дамуы бағыттарын айқын көрсеткенін атап өтті.

«Елбасы Жолдауының жекелеген бағыттарын орындауға ҚМГ ірі көмірсутегі жөніндегі жобаларды жүзеге асыруға тікелей өзі немесе еншілес компаниялары арқылы қатысатын ұлттық холдинг ретінде ерекше көңіл бөледі», - деді Л.Қиынов.

Жолдауда бүгінде әлемдік ұлтаралық корпорацияларда даму стратегиясын жарты ғасыр бұрын дайындайды деп анық көрсетілген. Бұл аталмыш компанияға да қатысты. «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының 2022 жылға дейінгі Даму Стратегиясы да жалпы холдингтің экономикалық тиімділігінің тұрақтылығы мен еңбек өнімділігінің артуын қарастырған сандық және сапалық көрсеткіштерді қарастырады.

Стратегия бойынша ҚМГ құрылықта да, теңізде де көмірсутегі шикізат қорын көбейту мақсатында геологиялық барлау жұмыстарын күшейтуді, мұнай және газ өңдеуді дамытуды, мұнай және газ тасымалдаудың икемді жүйесін жасауды, МӨЗ қуатын және мұнай өнімдері сапасын арттыруды, сонымен қатар активтерді басқарудың тиімді жүйесін жасауды, яғни Президенттің стратегиялық құжатында көрсетілген барлық нақты тапсырмаларды орындауды жоспарлап отыр.

«Алдағы 10 жыл ішінде «ҚазМұнайГаз» Ұлттық Компаниясының қатысуымен өндіруші кәсіпорындар жұмысы Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ жобаларының жүзеге асырылу барысында мұнай шикізатының көлемін және газ конденсатын 2011 жылғы 21,1 млн. тоннадан 35,4 млн.тонна көрсеткішке жеткізуге бағытталады», - деді Ләззат Қиынов.

Мәселен, «Теңізшевройл» ЖШС-де мұнай өндіру мөлшерін 38,6 млн.тоннаға арттыру (бұл жобада «ҚазМұнайГаздың» үлесі 20 % - 7,7 млн.тонна) көзделіп отыр. 2015 жылы Қашаған кен орнының жылдық өндіру көрсеткіші 13 млн тоннаны, ҚМГ үлесі 16,81% - 2,3 млн. тонна құрайды. Болашақта Қашаған кен орнын дамыту жобасы бойынша бұл жылдық көрсеткіш жылына 51 млн. тоннаға дейін жетпек. Сонымен қатар, компания Қаламқас-теңіз кен орнын игеру бойынша бас агент ретінде танылды, бұл ҚМГ үшін жоғары мәртебе болып табылады.

Қарашығанақ жобасының дамуы үш сатымен жүзеге асырылатын болады. Соның нәтижесінде сұйық көмірсутегінің жылдық тұрақты өнімі 10,1 млн тоннаға жетіп, осы орайда Жобаға 10% үлесімен қатысушы ретінде ұлттық компания өзінің өндірістік көрсеткіштеріне жыл сайын шамамен 1 млн. тонна мұнайды қосып алады. Одан басқа өндіріс қуатын кеңейтіп, газ өнімін арттыру да жоспарда бар.

АСТАНА. 12 қаңтар. ҚазАқпарат
Ключевые слова: «ҚазМұнайГаз»
PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту