Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі С. Ахметовтың қатысуымен Мұнай және газ министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өткізілді

размер шрифта: Aa | Aa
29.01.2013 10:33

2012 жылдың 28 қаңтары күні Астана қаласында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі С. Ахметовтың қатысуымен Мұнай және газ министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өткізілді.

Алқа жұмысында Президент Әкімшілігі, Премьер-Министр Кеңсесінің, басқа министрліктер мен ведомства өкілдері, «Самрұқ-Қазына» ҰҚ» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «ҚазТрансГаз» АҚ, «ҚазТрансОйл» АҚ және ірі мұнай-газ кәсіпорындарының, «Kazenergy» ассаоцияциясы және «Атамекен» одағының басшылықтары қатысты.

Алқа отырысында есептік баяндамамен ҚР Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев сөз сөйлеп, Министрліктің 2012 жылы атқарған жұмыстарын қорытындылап және 2013 жылға жоспарын атап өтті.

2012 жылы мұнай және газ конденсатын өндіру 2011 жылға қарағанда 79,2 млн.тонна құрады.

2012 жылы мұнай және газ конденсаты экспортының көлемі 68, 616 млн. тоннаны құрады, оның ішінде мына бағыттар бойынша: Атырау-Самара – 15,4 млн. тонна (100 %), Орынбор ГӨЗ-і (конденсат) – 0,838 млн тонна (69,1 %), КҚК – 27, 9 млн. тонна (96,7 %), Атасу-Алашанькоу – 10,4 млн. тонна (97,2 %), Ақтау теңіз порты арқылы – 7,06 млн. тонна (88 %) ; темір жол арқылы – 6,97 млн. тонна (91,1 %).

2012 жылдың қорытындысы бойынша отандық 3 МӨЗ-де шикі мұнай өндіру өткен жылға қарағанда 14,2 млн.тонна немесе 103,6% құрады. ҮИИДМБ сәйкес, ҚР МӨЗ қайта құру және жаңғырту жұмыстары жалғасуда.

Әлеуметтік бағдарламаларды орындау шеңберінде Министрлік ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілер үшін арзандатылған дизель отынын жеткізуді қамтамасыз етті, сөйтіп, көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге тоннасына бағасы 86700 теңге (литріне 72,0 теңге) 360,0 мың тонна дизель отыны бөлінген, ал күзгі дала жұмыстарын жүргізуге тоннасына бағасы 85365 теңге (литріне 70,0 теңге) 410,0 мың тонна дизель отыны бөлінген.

2012 жылы республикада газ өндіру 40,1 млрд. текше метрді құрады (2011 ж. деңгейге 101,5%). Тауарлық газды өндіру көлемі 21,2 млрд. текше метрді құрады, (2011 ж. қарағанда 100%). Республика облыстарының табиғи газды тұтыну көлемі 10,5 млрд. текше метрді құрады  (2011ж. қарағанда 103,2%).

Республиканың газ экспортының көлемі 8,8 млрд. текше метрді құрады (2011 ж. қарағанда 103,7%). Республиканың аумағы арқылы 96,5 млрд. текше метр (100%) көлемінде газ транзиті жүзеге асырылды.

2,2 млн. тонна сұйытылған көмірсутегі газы (103,1%) өндірілді.

Жер қойнауын пайдаланушылардың газды кәдеге жарату жөніндегі бағдарламаларын іске асыру барысында, газ алауларында жағылатын газ көлемі 1,0 млрд. текше м. құрады, өткен жылдың ұқсас мерзiмiмен салыстырғанда 85% құрады.

2013 жылдың 1 қаңтардағы жағдайы бойынша республиканың жерасты газ қоймаларында табиғи газ қорының көлемі 0,7 млрд. текше м. құрады.

Жамбыл облысындағы Аманкелді газ кенорнын игеру жалғасуда. 2012 жылғы газ өндіру 324,1 млн. текше м. құрады.

2004 жылдан бастап 2012 жылға дейін 80 жоба іске асырылды, бұл  210 елді мекенді көгілдір отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Жалпы республика бойынша 880 астам елді мекен газдандырылды, бұл жалпы санынан шамамен 20% құрайды. 2012 жылы республикалық бюджеттен 13,5 млрд. теңге бөлінді, 43 жоба бойынша құрылыс жүзеге асырылды, жалпы ұзындығы шамамен 600 км. газ құбыры салынды. Нәтижесінде, Қазақстанның 8 облысында 60 елді мекенді газдандыруға мүмкіндік жасалды.

2012 жылғы жағдай бойынша көмірсутек шикізаты бөлігінде отын-энергетика кешенің дамытуды қамтамасыз ету үшін жер қойнауын пайдалануға арналған 203 келісімшартқа, оның ішінде 2 сенімді басқарудағы, сондай-ақ: 61 - көмірсутек шикізатын барлауға арналған келісімшарттар; 56 - көмірсутек шикізатын өндіруге арналған келісімшарттар; 73 - көмірсутек шикізатын барлау мен өндіруге арналған бірлескен келісімшарттар; 13 - өнімді Бөлу (ӨБК келісімшарттары) және «Тенгизшевройл» ЖШС шарты бойынша жүзеге асырылатын Көмірсутек шикізатын барлау мен өндіруге арналған келісімшарттар мониторинг жүргізілген.

2012 жылғы 2 шілдесінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Қазақстан Республикасы атынан 10% үлестік қатысумен Жоба мердігерлерінің құрамына енді.

ҚР МГМ Мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекциялау комитетімен 2012 жылы жер қойнауын пайдаланушыларға 30 тексеріс, оның ішінде 7 тексеріс жоспардан тыс жүргізілді. Барлық тексерістер қорытындысы бойынша жер қойнауы туралы заңнамананың көптеген бұзушылықтары анықталды және оларды түзеу бойынша шаралар қаблданды. Комитеттің Актілері бойынша 5 млн. теңге көлемінде әкімшілік бұзушылықтарға айыппұл салынды.

2012 жылы 238 лицензия және лицензияға қосымшалар берілді және қайта ресімделді, 53 өтініш берушіге лицензия берілген жоқ. 1130 аккредиттеу туралы куәлік берілді

Сонымен қатар, алқа отырысы аясында «Теңізшевройл» ЖШС және «Kazenergy» ассоцияциясының басшылықтары 2011 жылғы атқарған жұмыстарын қорытындылап және 2012 жылғы жоспарларын айқындап баяндама оқыды.

http://mgm.gov.kz

---------------------------------------------------------

Биыл Қазақстанда 82 млн. тонна мұнай мен газ өндіру жоспарлануда
АСТАНА. 28 қаңтар. ҚазАқпарат- 2013 жылы елімізде 82 млн. тонна мұнай мен газ конденсатын өндіру жоспарланады. Бүгін Үкімет басшысы Серік Ахметовтің қатысуымен өткен Мұнай және газ министрлігінің алқа мәжілісі барысында ведомство басшысы Сауат Мыңбаев осылай мәлім етті. 

Сөз арасында биылғы жоспарда елімізде стратегиялық жоспар бойынша 82 млн. тонна мұнай мен газ өндіру межеленгенін айта келе: «Біз бұны негізді жоспар деп ойлаймыз және оған толық қол жеткіземіз», - деп атап өтті.

Тоқтала кететін жайт, 2012 жылы еліміздегі өндірілген мұнай мен газ конденсатының мөлшері 79,2 млн. тоннаны құрады. Бұл ретте экспортталған мұнай мен газ конденсаты 68,616 млн. тоннаға жеткен. Жалпы, министрдің айтуынша, 2012 жылдың көрсеткіштері 2011 жылдың есебінен көп айырмашалықта болған жоқ.

Бұдан бөлек, министр Сауат Мыңбаев  былтырғы 2012 жылы көктемгі егіс науқаны мен күзгі-жиын-терімде шаруаларға төмендетілген бағамен дизель отынын жеткізу 100 пайызға орындалғанын айтты. «2013 жылы да жұмысты жоғары деңгейде ұйымдастырамыз», -деп сендірді министр.

-------------------------------------------------------
Құбырлардың өткізу қабілетін арттырып көмірсутек шикізатын жеткізудің жаңа бағыттарын айқындау қажет - С. Ахметов

АСТАНА. 28 қаңтар. ҚазАқпарат - Көлік инфрақұрылымына, оның ішінде қолданыстағы мұнай құбырларының өткізу қабілетін арттыру мен көмірсутектер шикізатының тасымалы бойынша жаңа бағыттарды айқындауды дамытуға баса назар аудару қажет. Бүгін Мұнай және газ министрлігінің алқа мәжілісі барысында Үкімет басшысы Серік Ахметов осылай мәлімдеді. 

Премьер-Министрдің айтуынша, мұнай және газ саласын жақын және орта мерзімде дамыту перспективасы еліміздегі үш үлкен жобаны жүзеге асырумен тығыз байланысты болмақ. Бұлар - Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ. «Аталған жобалардың жиынтық үлестері Қазақстандағы көмірсутектің жалпы өнімінің жартысына жуығын құрайды. Сонымен қатар, бұл жобаларды кеңейту мәселелерін ескере отырып, Мұнай және газ министрлігі көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударуы керек. Оның ішінде қолданыстағы жұмыс істеп тұрған мұнай құбырларының өткізу қабілетін арттыру және ішкі, сыртқы нарыққа көмірсутек шикізаттарын жеткізудің жаңа бағыттарын айқындауға үлкен көңіл бөлу қажет», - деді С.Ахметов.

---------------------------------------------

«Тобыл-Көкшетау-Астана» газ құбырының құрылысы сәуір айында басталуы тиіс - С.Ахметов

АСТАНА. 28 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Мұнай-газ министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде Үкімет басшысы Серік Ахметов«Тобыл-Көкшетау-Астана» газ құбырының құрылысын сәуір айында бастауға тапсырма берді.

Премьер-Министр атап көрсеткендей, бүгінде еліміздің оңтүстік өңірлері әлі күнге көрші мемлекеттердің газына қарап отыр. «Менің ойымша, «Бозой-Шымкент» газ құбырының құрылысының арқасында жергілікті халық өз газымызды пайдаланатын болады. Сондықтан биылдан қалмай, осы құбырдың алғашқы учаскесін тапсыру қажет. Ал «Бейнеу-Бозой» құбыры бойынша барлық дайындық жұмыстарын жылдың аяғына дейін аяқтап, келесі жылы оның құрылысына кірісу керек», - деп атап көрсетті С.Ахметов. Үкімет басшысы ағымдағы жылы газдандырудың бас жоспарын әзірлеп, оңтүстіктегі ауылды мекендерге негізгі басымдық беруді тапсырды. «Тобыл-Көкшетау-Астана» газ құбырына қатысты сан алуан әңгімелер болды. Осыған қатысты Мұнай-газ министрлігі мен «Самұрық-Қазына» қорына наурызға, ары кетсе, сәуір айында ол жобаға кірісуге тапсырма беремін. Сондықтан алғашқы тоқсанда барлық дайындық жұмыстарын аяқтап, сәуір айында оның құрылысын бастау қажет», - деді Премьер-Министр.

-----------------------------------------
Көмірсутек бойынша табиғатты пайдалануға мораторий биыл алынып тасталады - С. Ахметов

АСТАНА. 28 қаңтар. ҚазАқпарат- Көмірсутек бойынша табиғатты пайдалануға мораторий биыл алынып тасталады. Бүгін Мұнай және газ министрлігінің алқа мәжілісі барысында Үкімет басшысы Серік Ахметов осылай мәлімдеді.  

«Мұнайгаз секторына инвестиция тарту мәселесіне келсек, оның ішінде мораторийды алып тастау бойынша Мемлекет басшысы нақты шешімді айтты. Сондықтан да жақын аралықта оның үдерістері туралы жарияланатын болады. Каспий қайраңынан бөлек, қатты пайдалы қазбалары мен көмірсутек шикізатына мораторий алынып тасталады. Сондықтан да, инвестиция тарту бойынша Мұнай және газ министрлігі жаңа технологиялар трансфертін қоса ендіруді қаперде ұстауы шарт. Бұл табиғатты пайдалану құқығының бір шарты ретінде қарастырылуы керек, басқаша болмайды», - деді С. Ахметов.

Тоқтала кететін жайт, министр Сауат Мыңбаев баяндамасы барысында дәл осы мәселеге де тоқталып, «Қазақстан-2050» стратегиясына сәйкес, табиғатты пайдалануға мораторийді алып тастауға Үкімет басшысының қолдауын сұраған. «Біз 2013 жылы алдымызға бірқатар міндеттер қоюдамыз: көмірсутек ресурстарын тиімді басқару бойынша стратегия әзірлеу, табиғатты пайдалануға мораторийді алып тастау. Біз осы мораторий мәселесінде Сіздің қолдауыңызды күтеміз. Қатты пайдалы қазбалар бойынша мораторий жойылды, ал көмірсутек бойынша әзірше күшінде бар», - деді С. Мыңбаев.

Автор: Қанат Мәметқазыұлы

-------------------------------------

Мұнай мен газ саласындағы қазақстандық қамту деңгейі көңіл көншітпейді - С. Ахметов
АСТАНА. 28 қаңтар. ҚазАқпарат Мұнай мен газ саласындағы қазақстандық қамту деңгейі көңіл көншітпейді. Бүгін Мұнай және газ министрлігінің алқа мәжілісі барысында Үкімет басшысы Серік Ахметов осылай мәлімдеді. 
«Саладағы қазақстандық қамту үлесі бар-жоғы 4 пайыздан сәл ғана асады. Бұл тым аз көрсеткіш. Орташа алғанда бізде мұнай және газ секторында шамамен 10 пайызға тарта болуы керек еді. Біз бәріміз жобаларға ендірілетін негізгі тауар жабдықтары, қондырғылар шетелдерде шығарылатынын білеміз. Дегенмен, бірқатар технологияларды, өндірістерді Қазақстанда да орналастыруға болатын еді. Бұған Қазақстанның тәжірибесі де жеткілікті », - деді С.Ахметов.
Үкімет басшысының айтуынша, бұған ниет бар. Соған орай, алдағы уақытта өтетін ведомстволық комиссияда үш ірі компанияда қазақстандық қамтуды енгізу шаралары қарастырылады.
«Сонымен қатар, экспортты ілгерілету мәселесін де алдағы уақытта бірлесе қарастыратын боламыз», - деді С. Ахметов.

Автор: Қанат Мәметқазыұлы

---------------------------------------------

Үкімет басшысы қазақстандық мұнай-сервистік компания құру жұмысын шапшаңдатуды тапсырды

АСТАНА. 28 қаңтар. ҚазАқпарат Бүгін Мұнай және газ министрлігінің алқа мәжілісі барысында Үкімет басшысы Серік Ахметов қазақстандық мұнай-сервистік компания құруды тездетуді тапсырды.

«Бізге отандық өнімдер шығаруда жаңа кәсіпорындар ашуға жіті көңіл бөлу қажет. Бұл ретте Мұнай және газ министрлігі Индустрия және жаңа технологиялар министрлігімен бірлесе отырып, мұнай-сервистік компания құру жұмысын шапшаңдатуы керек.  Ол мұнай-сервистік қызметтің отандық нарығына шығатын болады. Бұл шаруа ілгерілеп те жатыр», - деді С. Ахметов.

Автор: Қанат Мәметқазыұлы

--------------------------------------------

Енді біз атқарылып жатқан жұмыстарды талқылайтын боламыз - С.Ахметов

АСТАНА. 28 қаңтар. ҚазАқпарат - Еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарын қайта жаңғырту жұмысы мерзімінен кеш орындалып келеді. Бүгін ҚР Мұнай-газ министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде Үкімет басшысы Серік Ахметов осы мәселені ерекше атап өтті.

«Осыған орай 2013 жылы барлық дайындық жұмыстарын бітіріп, Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттарын қайта жаңғырту жұмыстарын бастауды тапсырамын. Оған қажетті барлық ресми шешімер бар, мүмкіндік те жоқ емес. Осыны қатаң бақылауға аламыз. Енді, ведомствоаралық комиссияның отырысында біз болашақ жоспарларды талқылап қана қоймай, мұнай өңдеу зауыттарын қайта жаңғырту сияқты аса маңызды жобаларды атқару барысымен үнемі танысып отыратын боламыз», - деді С.Ахметов. Үкімет басшысы, ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысына мұнай өңдеу зауыттарын қайта жаңғырту мәселесін енгізуді тапсырды.

Автор: Арман Асқаров

---------------------------------------------

Мұнайгаз саласындағы үлкен жобаларда қазақстандық мамандар мәселесі қаперде болуы керек - С. Ахметов
АСТАНА. 28 қаңтар. ҚазАқпарат - Мұнайгаз саласындағы үлкен жобаларда қазақстандық мамандар мәселесі әрқашан қаперде болуы керек. Бүгін Мұнай және газ министрлігінің алқа мәжілісі барысында Үкімет басшысы Серік Ахметов осылай мәлімдеді.

«Бүгінгі таңда орта және жоғары білімі бар көптеген қазақстандық маман жұмыспен қамтылмай отыр. Ұлттық компаниялар есептерінде көрсетіп жатқанымен, шетелден кадр тартуды әлі де жалғастырып келеді. Әрине, егер маңызды, аса қажетті маман болса түсінікті, олар шақырылып, жұмыс істеулері керек-ақ. Дегенмен, орта дәрежелі мамандарға, қарапайым жұмысшыларға  баса назар аудару қажет», - деді Премьер-Министр.

Бұл ретте Үкімет басшысы Білім және ғылым минитрлігімен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесе отырып,  мүдделі өңір әкімдерін тарта отырып, білікті мамандар тапшылығына қатысты  нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. «Оның ішінде болашақтағы үлкен жобалар - Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған жобалары бойынша нақты ұсыныстар қажет», - деді С. Ахметов.

---------------------------------------------------
Кен орындардың басым бөлігінде өнім өндіру қарқыны бәсеңдеп қалды - Үкімет басшысы С.Ахметов.

АСТАНА. 28 қаңтар. ҚазАқпарат- Қазіргі таңда республикадағы кен орындарының басым бөлігінде өнім өндіру қарқыны бәсеңдеп қалды. Бүгін ҚР Мұнай-газ министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде Үкімет басшысы Серік Ахметов осы мәселені ерекше атап өтті.

«Енді, өнім өндіру көлемін арттыру үшін жаңа технологияларды кеңінен пайдалану қажет», - деді С.Ахметов. Осы орайда Премьер-Министр озық технологияны тарту міндетін инвесторларға жүктеу қажеттігін тағы бір мәрте еске салып: «Алдағы уақытта Каспий шельфінен басқа, қатты пайдалы қазбалар мен көмірсутек шикізатын өндіруга салынған мораторий алынады. Осы кезде жаңа технологияларды кеңінен тарту мәселесіне негізгі басымдық беру керек. Оны басты талап ретінде енгізетін боламыз», - деп атап көрсетті Үкімет басшысы.  

Автор: Арман Асқаров

------------------------------------------------

Үкімет басшысы мұнай және газ саласындағы екі басты міндетті атады
АСТАНА. 28 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін Мұнай және газ министрлігінің алқа мәжілісі барысында Үкімет басшысы Серік Ахметов ведомство мен осы саладағы барлық органдардың алдына екі басты міндетті жүктеді.   

«Мұнай және газ министрлігі мен осы саладағы органдардың барлығы өз қызметінде екі мәселеге жұмыс істеуі керек. Олардың біріншісі, экономиканың тұрақты өсуіне әсер ету. Бұл министрлік пен сала органдарының алдындағы басты міндеті. Осыған орай, қандай да бір проблеманы желеу етіп, оған жайбарақат қарауға, ақталуға болмайды. Бұны ашық айтамын. Министрліктің өндірістік көрсеткіштері оның орындалуына белсенді әсер етулері керек», - деді Премьер-Министр.

Сонымен қатар, Үкімет басшысы қазақстандықтардың мұнайгаз секторындағы жұмыспен қамтылуына да баса назар аударды. «Бұл екінші маңызды мәселе. Қазақстандық маман осы салада ешқалай қысқармауы керек. Керісінше, жұмысқа тартылуы шарт. Яғни, министрліктің басты міндеті - экономика өсіміне оң әсер ету мен өз кадрларымызды жұмыспен қамту. Бұлардың ауқымы зор болғанымен, атқарылуы маңызды», - деді Үкімет басшысы.

PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту