Қызылорда облысы құқық қорғау органдарының үйлестіру кеңесі мұнай ұрлығы мәселесін қарады

размер шрифта: Aa | Aa
13.02.2013 17:11
 Бүгін Қызылорда облысы құқық қорғау органдары үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы болып өтті. Онда облыс көлемінде мұнай ұрлығымен күресу мәселесі талқыланды. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

 Отырысты үйлестіру кеңесінің төрағасы, облыс прокуроры, аға әділет кеңесшісі Сапарбек Нұрпейісов жүргізіп отырды. Деректер бойынша, 2012 жылы елімізде 79,2 млн. тонна мұнай өндірілсе, оның 30 млн. тоннаға жуығы немесе 38 пайызы Қызылорда облысының еншісіне тиеді. Ал статистикалық мәліметтер былтыр облыстық қылмыстық ізге түсу органдары заңсыз мұнай айналымына қатысты 24 қылмысты тіркегенін алға тартады. Бұл көрсеткіш 2011 жылмен салыстырғанда 40,5 пайызға төмен. Ол сондай-ақ жалпы тіркелген 10 735 қылмыстың 0,2 пайызын құрайды.

Аталған санаттағы қылмыстармен мемлекетке келген залалдың мөлшері өте үлкен. Атап айтсақ, статистикалық мәліметке сәйкес, былтыр жалпы экономикалық қылмыстар бойынша мемлекетке барлығы 1 млрд. 518 млн теңге зиян келсе, мұнай өнімінің заңсыз айналымы бойынша және мұнай өнімдеріне қатысты қылмыстармен 10 млрд. 815 млн. теңге залал жасалған. Былайша айтқанда, мұнай өнімдерінің заңсыз айналымынан келген шығын жалпы экономикалық саладағы қылмыстардың үлесінен 10 есеге артық. 

Осы жағдайлар және еліміздің бюджеті осы өнімнің әлемдегі болжамды бағасына негізделетіні ескеріле келіп, 2012 жылғы тамызда облыстық прокуратураның бастамасымен облыстық және көлік прокуратураларының, қаржы полициясының, ішкі істер органдарының бірінші басшыларынан және жауапты қызметкерлерінен құралған ведомствоаралық жұмылдыру тобы құрылды. Ол облыс көлеміндегі мұнай ұрлығымен күресу, оның алдын алу, әшкереле және жою бағытында жұмыс жүргізіп, мұнай өнімінің заңсыз айналымына, яғни «көлеңкелі экономикаға», оның ішінде еліміздің қаржылық жағдайына тікелей әсер ететін мұнай ұрлығымен күресуге тиіс болды. Аталған мобильдік топ қысқа мерзімде біршама жұмыстар атқарды. Мысалы, облыстағы мұнай тасымалдайтын теміржол цистерналарының саны мен иелері, олардың негізгі қозғалыстары жайлы Қызылорда көлік прокуратурасы арқылы толық мәліметтер алынып, мобильдік топқа ұсынылып, олар бойынша вагон-цистерналарды теміржол арқылы жөнелтуге тапсырыс берген субъектілердегі мұнайдың шығу тегі уақытылы тексерілуден өтіп тұр. Соның нәтижесінде заңсыз жолмен табылған шикі мұнайды жөнелту фактісі бойынша «СП КЗ Юнайтед Груп» серіктестігінің лауазым иелері Б.Ахметов пен Б.Қуанышбаевқа қатысты қозғалған қылмыстық іс сотқа жолданып, соңғылар сотты болды.

Кеңес қаралған мәселе бойынша қаулы қабылдады.

 ҚЫЗЫЛОРДА. 13 ақпан. ҚазАқпарат -
Ключевые слова: Мұнай-газПрокуратураҚызылорда облысыҚылмыспен күрес
PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту