Итбалықтардың мұнайдан қырылатыны әлі толыққанды дәлелденген жоқ...

размер шрифта: Aa | Aa
06.03.2013 12:08

Жыл сайынғы аянышты көрініс, биыл да әдетінен жаңылған жоқ. Қарт Каспий итбалықтың өлекселерін тағы да жағаға шығарып тастады. Негізі Каспий итбалығы – теңізде өмір сүретін бірден-бір сүтқоректі жануар. Олардың салмағы 100 келіге дейін жетеді. 1905-1910 жылдары зерттеу бойынша, Каспийде 1 млн 100 мыңға жуық итбалық мекен етсе, 60-70 жылдары олардың саны 520-560 мыңға дейін азайған. Бүгінгі таңда тұйық теңізде өмір сүретін итбалықтың саны 100 мыңнан сәл-ақ асады.

Итбалықтардың мұнайдан қырылатыны әлі толыққанды дәлелденген жоқ... Ал Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бастығының орынбасары Орынбасар Тоқжановтың мәліметінше, дәл қазір теңізде бар болғаны 70-80 мыңдай ғана итбалық қалған. Оның айтуынша, итбалықтардың азаюына, кей уақытта жаппай қырылуына мұнай қалдықтарының қатысы жоқ. Мұны Қазақстандағы Тегеран конвенциясымен байланыс жөніндегі ұлттық қызметкері Серік Ахметов те қуаттап отыр. «Бірнеше ғылыми зерттеу жұмысы жүргізілді. Шетелден де мамандар келді. Сонда итбалықтың ажалы мұнайдан екені дәлелденбеді», – дейді ол. Ал Орынбасар Тоқжанов: «Итбалықтардың осындай аянышты күйге түсуінің басты себебі – олар қоректенетін азық қорының немесе биоресурстардың азайып кетуінен», – дейді. Бір итбалық күніне 3 келі майшабақ жейді. ХХ ғасырдың басында миллионнан астам итбалық 3 келі майшабақ жегенін ескерсек, теңізде биоресурс қоры көп болғанын жете түсінеміз. Сонда итбалықтар жағалауға жақындамай-ақ, теңіз ортасында жүріп майшабақпен қоректенетін болып тұр. Ал қазір майшабақтар 94 пайызға азайып кеткен екен. Итбалықтар оларды аулау үшін теңіз жағасына жақындайды. Қорек азайғасын итбалықтардың да тынысы тарылып барады. Мұны бұдан біраз жыл бұрын Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің басшылығы да жасырмаған. Ал қазір итбалықтар қарапайым құрттармен қоректенуге көшті, бірақ ол шабақ құрлы талғажау болмай тұр.

Жыл сайын ақпан айынның ортасынан бастап итбалықтар күшіктейді. Сондықтан ақпан, наурыз айларында тиісті құзырлы мекемелер Каспий теңізінің жағалауында және оның маңындағы итбалықтардың жағдайына мониторинг жүргізіп, оларды қорғауды мықтап қолға алуы керек, дейді экологтар.

 6 наурыз.Ақтау. Д.Омаров. Munaigaz.kz

PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту