Сыр жұртшылығы көгілдір отын игілігін қашан көреді?

размер шрифта: Aa | Aa
14.03.2013 10:30

700 мыңның үстінде халқы бар Сыр өңірінде тек Қызылорда қаласының 80%-ы ғана табиғи көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Мұнайдың үстінде отырса да, шалғай ауылдар түгілі, аудан орталықтарында әлі күнге тезек жағып, күл шығарып отырғандар баршылық. Өңірде газ өндіру, оны кәдеге асыру жолға қойылмаған. Жергілікті мұнай компанияларына ілеспе газды тұтынушыға жеткізгеннен көрі, кен орындарындағы факелдарда жағып жіберіп, айыппұл төлеу әлдеқайда тиімді болып отыр.

Көп ұзамай «Бейнеу-Шымкент» газ магистралінің 846,2 шақырымы осы облыстың аумағынан өтеді. Бұйырса, 7 аудан орталығы мен қала маңындағы елді-мекендер таяуда осы құбырмен газдандырылады деп жоспарланған. Аймақтың жаңа басшысы Қырымбек Көшербаев 2015-ші жылға дейін бұл мәселе толыққанды шешіледі, деп сендіріп отыр. Мәселен, жобаның бірінші кезеңінде «Бейнеу-Бозой-Қызылорда -Шымкент» газ құбырының бойында 14 бұрып (отвод) және 14 автоматтандырылған газ тарату станцияларын орнату көзделген. Бұдан бөлек, 2013-2015 жылдары аралығында, 21 елді-мекен газбен қамтамасыз етілмек. Бұл – облыс халқының 67 пайызы. Осы орайда, үстіміздегі жылдың 18-ші ақпанында техникалық экономикалық негіздемелер мен жобалау-сметалық құжаттамаларды әзірлеуге жергілікті бюджеттен 427 млн. тенге бөлінді. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың айтуынша,  сәуір айына дейін облыс қазынасынан тағы 467 теңге  бөлінеді. Бұл қаржыға:

- 14 автоматтандырылған газ тарату станцияларын (АГТС) салып, оларды «Бейнеу- Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырына қосудың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу;

- Арал, Байқоңыр, Қазалы қалаларының қалаішкілік газ құбырлары құрылысының  техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу;

- Сексеуіл, Қамыстыбас, Әйтеке би елді-мекендерін газдандырудың жобалау сметалық құжаттамасын әзірлеу қарастырылған.

Жалпы, Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы үкіметтері газ құбырын салу жөнінде осыдан алты жылдай бұрын келісімге келген. Ол 2009 жылдың 4 желтоқсанында заңды күшіне енді. Осы келісім-шартқа орай Қазақстан-Қытай газ құбыры екі бөлімшеден тұрады. Біріншісі, Өзбекстаннан Хоргосқа  дейін болса, екінші тармақ Бейнеу-Бозой-Қызылорда-Шымкент бағытында. Инвестициялық стратегиялық маңызы бар жобаның құрылысы 3,5 млрд АҚШ долларына бағаланып отыр. Биыл жобалық сметалық құжаттары аяқталуы тиіс. Содан кейін барып, Сыр өңірі тұрақты берілетін газға қосыла алады. «Магистраль жылына 10 миллиард текше газ өткізіп, елді-мекендердің еңсесін тіктейді», - дейді мамандар. Облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Талғат Арыстановтың айтуынша, магистралді құбыр арқылы келетін көгілдір отынның бағасын арзандату жағы да қарастырылады. Демек, табиғи отынның қызығын көретін күн алыс емес

14 наурыз.Қызылорда облысы. .М. Құлмырзаева. Munaigaz.kz.

PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту