Сыр байлығына геологиялық барлау жүргізіледі

размер шрифта: Aa | Aa
28.03.2013 13:45

Қызылорда облысын өрге сүйрейтін жайттың бірі - кең байтақ өлкенің байлығын тиімді игеру. Ал пайдалы қазбалардың болжамды қорларын нақтылап, өндірістік талапқа сәйкестендіру геологиялық саланың арқалайтын жүгі. Бұйырса, жер қойнауына бүккен байлықтың қайнар көзін ашатын күн алыс емес. Сыр өңірінде жоспарлы түрде геологиялық зерттеу жүргізілетін болды.

Сыр байлығына геологиялық барлау жүргізіледі

Айталық, жаңалықтың негізі облыстың өнеркәсіп, тау-кен және металлургия саласында болғалы тұр. Ол үшін облыста Индустриалық аймақ құрылды. Арнайы аумақта шыны зауыты, цемент, кальцийленген сода шығару зауыты, тау-кен байыту фабрикасы салынады. Аталған жобалардың тәуіліктік жүк айналымы 100 вагоннан астам болмақ. Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Базарбай Нұрабаевтың айтуынша, қазір тек мұнай мен газды, одан қалды уран өндіріп отырған облыста Менделеев таблицасындағы барлық элемент бар. Мәселен, ванадий қоры дүниежүзі бойынша бірінші орында тұр. Ал ванадий қатпарларында алтынның сирек кездесетін түрі бар. Бірақ,  Еліміз тәуелсіздік алғалы бері осы аймақта су қоры барланғаны болмаса, басқасы ешкімді қызықтырмапты. Ендігі жерде қарт Қаратаудан бастап Аралдың табанына дейін түгел зерттеліп, табиғи ресурстарды басқарудың жаңа жүйесі енгізілмек. Мәселен, Шиелі ауданындағы ванадий кен орнында бір емес, бірнеше қосалқы өндіріс көзін ашу жоспарланған. Атап айтқанда:

- қуаттылығы 150 мың тонна ферросплав өндірісі

- қуаттылығы 12 мың тоннаға дейін кремний карбиді өндірісі

- күн және жел электр стансаларына арналған ванадий аккумуляторларының өндірісі

- күкірт бетон өндірісі

- тыңайтқыштар өндіруді ұйымдастыру

- қатты тұздалған жерлерді тұзсыздандыру үшін қолданатын сорбент өндірісін ұйымдастыру

Аталған өндіріс көздерін ашу үшін тиісті қаржы институттары мен жеке инвесторлар арқылы инвестиция тартуды және болашақта «Баласауысқандық» кен орнында арнайы экономикалық аймақ құру жоспарланды. Ал қазба байлықтарының қорын барлауды геология және жер қойнауын пайдалану комитеті өз мойнына алып отыр.

28 наурыз. Munaigaz.kz. тілшісі М.Серікқызы
PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту