Қызылордада шыны зауыты салынады

размер шрифта: Aa | Aa
10.04.2013 13:52

Қызылорда облысында «сақалды» жоба жүзеге асырылатын болды. Осы аймақта шыны зауытын салу жөнінде тапсырманы  бірнеше жыл бұрын Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында жүктеді. Алайда қазығы қағылғаны болмаса, бұл тапсырма сиырқұйымшақтанып кеткен еді. Шикізаттың жотасын басып отырып, жергілікті билік осы мүмкіндікті пайдаланбаған. Индустрияландыру картасы бойынша да жағдай мәз емес. Облыста ірі зауыт пен алып өндіріс жоқ. Бүгінгі күні 21 жобаның 15-і ғана толық қуаттын қосса, 3 жобаның аты бар да заты жоқ.

Созбалаңға салынған шыны зауытының жобасы өткен аптада Үкіметте талқыланып, мақұлданды. Нәтижесінде, Қызылорда облысының әкімдігі, «Самұрық Қазына Инвест» ЖШС және «Qinhuangdao Yaohua Glass Machine Manufacture Co., Ltd»  Қытай компаниясы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.  Үшжақты келісімге сәйкес зауыттың құрылысы күзде басталады. Ерекшелігі сол,  еуростандартқа сәйкес жоғары сапалы әйнектермен қатар қуат көздерін үнемдейтін шыны түрлерін шығару ойластырылып жатыр.  «Экспо-2017» көрмесін ұйымдастырғалы отырған мемлекет үшін бұл үлкен жаңалық. Ал аймақтың экономикасы үшін маңызды жобаға 124 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынады. Келешекте нарық сұранысына қарай өнімді арттыру мүмкіндігі бар. «Qinhuangdao Yaohua Glass Machine Manufacture Co Ltd» компаниясының бас менеджері Ванг Чангвен: «Біз Қызылорда облысына облыс әкімдігі және «Самұрық Қазына» қорымен бірлесіп шыны зауытының құрылысы жобасын жүзеге асыруға келгенімізге өте қуаныштымыз. Зауыт тәулігіне 600 тоннаға жуық, яғни жылына шамамен 180 мың тонна  шыны шығарады. Оның құрылысы республикамыздың шыныға деген сұранысты толық өтеп, өнімді экспорттауға мүмкіндік туғызады. Қазіргі кезде шетелдік  серіктестерімізбен экспорт бағытын Ресей және Орта Азия нарығына ойыстыру жайын талқылап жатырмыз,» - деді.

   Жалпы, Қызылорда облысында өңдеу өнеркәсібінің баяу дамуы өзекті  мәселеге айналып отыр. Оны шешудің бірден-бір жолы шикізаттық тәуелділіктен арылу.  Осы орайда, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев әрбір аудан мен Қызылорда қаласының әкімдеріне Индустрияландыру картасын әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігімен бірлесіп кальцийлендірілген сода шығару жайы зерттеле бастады. Бұдан бөлек, «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының әлеуетін  пайдалана отырып, кәсіпкерлік қызметті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау, 10 нан астам жаңа өндіріс ашу және қолда барды жаңғырту сияқты бастамаларды жүзеге асыру көзделіп отыр.  

09 ақпан. Munaigaz.kz. тілшісі М.Серікқызы

PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту