Батыстың берері көп

размер шрифта: Aa | Aa
02.05.2013 13:32

Еліміздің батысындағы төрт облыстың қатысуымен тұңғыш рет «Қуатты Қазақстан – 2050» атты аймақаралық телекөпір өтті. Онда Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстары өңірде индустриалды-инновациялық дамуы бағытында жүзеге асып жатқан жобаларын паш етті. Телекөпірде жоғары технологиялық, инновациялық табысқа қол жеткізген кәсіпорындардың жұмысын таныстырды.

2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында Ақтөбе облысының атқарған қызметі қыруар. 786 мыңдай халық тұратын аймақта 700 ірі және орта деңгейдегі кәсіпорын жұмысын жандандырған. Индустриаландыру картасы бойынша құны 632,8 млрд теңгені құрайтын 73 жоба іске асып жатыр. Бұл өңірде 10 мыңнан аса жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Мәселен, 2010 жылы ашылған «Ақтөбе мыс» ЖШС 60 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Мыс рудаларын өңдейтін мекеме жоғары технологиямен жабдықталған. Сондай-ақ мал сою комбинаты мен өңір тұрғындарын көкөніспен қамтып отырған жылыжайларын атап өткен жөн.

alt

Ақтөбе индустриясы дамыған өлке. Болашақ жоспарларын да ауыз толтырып айтуға болады. 2015 жылға дейін 2 және 3-кезектегі «3-Жаңажол» газ өңдеу зауытының құрылысын бастау жоспарланды. Күрделі минералды тыңайтқыш өндіретін комбинат, алтын қоспасы бар рудаларды өңдеу фабрикасы салынады. Теміржол мен төсеніштер шығаратын және қуаттылығы күніне 600 тонна болатын әйнек зауытының құрылысы басталды. 2015 жылға дейін Ақтөбеде 80 жоба жүзеге аспақ.

Ал Атырау облысы индустриалды-инновациялық даму бағыты бойынша атқарған жұмысы аз емес. Атап айтқанда, Атыраудағы макарон фабрикасы, Индер ауданындағы ас тұзын өндіретін зауыт (2 млрд тонна тұз қоры бар көлден зауыт жылына 50 мың тонна тұз өндіреді) және құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын зауыт. Бұл зауыт 2010 жылы іске қосылды. Құрылыс тауарларының 10 түрін шығарады. Ал Құлсарыда 80 адамды жұмыспен қамтыған қазан зауыты жұмыс істеуде. Мекеме мұнай компанияларына өз өнімдерін жеткізуде. Жылыой ауданындағы құс фабрикасының тәулігіне 150 мың түйір жұмыртқа өндіретін қуаты бар. Сонымен қатар, Атырау облысындағы «ҚазТурбоРемонт» зауыты газ турбиналық құрылғыларға жөндеу жасап, қызмет көрсетеді және 157 адамға жұмыс тауып беріп отыр.

Өңірде индустриаландыру картасы аясында 2010-2012 жылдары жалпы құны 58 млрд теңгенің 21 инвестициялық жобасы іске асты. 1900 жұмыс орны ашылды. Қазіргі таңда 26 жоба іске асырылып жатыр. Оның құны 1 трлн 400 млрд теңге.

alt

Еліміздегі «Фармация» компаниясы бір реттік шприц үшін бөтенге алақан жаймайтын болды. Барлық медициналық мекемелер шприцті  үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша Атырау облысында ашылған «Брандо» зауытынан алуға қол жеткізді.

Мұнайлы өлке Маңғыстауға келер болсақ, өңірдің индустриалды-инновациялық дамуы қарқынды. Осы кезге дейін аймақтық индустриаландыру картасы бойынша облыста 229,4 млрд теңгелік  және жаңадан 10,4 мың жаңа жұмыс орны ашылатын 31 жоба іске қосылды. Ал республикалық индустриаландыру картасына жалпы құны 394,1 млрд теңге болатын және 20 мыңнан жұмыс орны ашылатын 3 жоба енгізілді.

Дәлірек айтқанда, Маңғыстауда 2010 жылы 8 нысан, 2011 жылы 9 нысан іске қосылды. 2012 жылы Маңғыстау облысында Индустрияландыру картасы бойынша сметалық құны 11 млрд. теңге болатын 6 жаңа кәсіпорын іске қосылды. 1162 жаңа жұмыс орны ашылды. Өткен жылы аймақта «Эко - су тазарту» ЖШС мұнайы қалдықтарын қайта өңдейтін «Шырын» зауыты іске қосылған. Сүт өнімдерін шығаратын «Гурман» ЖШС өндірісі қуаттылығын арттырды. Іске асқан тағы бір жоба-Аммиак, азот қышқылы, аммиак селитрасын шығаратын «ҚазАзот» ЖШС өндірісі жаңартылды. «АСКИ-Маңғыстау» ЖШС мұнай мен мұнай өнімдерін сақтайтын терминал салып, су мен газ құбырларын шығаратын «АрланGroup-Aktau» ЖШС зауыты ашылды. Сонымен қатар, жақын күндері «Осетр - Аралды» тауарлы бекіре фермасын құру жұмыстары аяқталған.

2013 жылы 3 жоба жүзеге асады, оның құны 111, 4 млрд теңге. Жобалар іске асқанда, 3862 жаңа жұмыс орны ашылады. Олар: Шетпедегі цемент зауыты, Ақтаудағы сұйық дәрілер шығаратын фармацевтикалық кешен, жол битумын шығаратын зауыт.

Сонымен қатар телекөпірде маңғыстаулықтар орта қуатты электр өнімдерін жинақтап шығарумен айналысатын «Риг» ЖШС жұмысымен таныстырды. Мекеме электр құрылғыларын жасайды және энерготехникалық өнімдерді тасымалдайды. Бұл облыста, жалпы батыс өңірде баламасы жоқ мекеме. Онда 180 маман жұмыс істейді.

alt

Мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудың арқасында Батыс Қазақстан облысының соңғы үш жылдағы дамуы негізгі көрсеткіштердің қарқыны күшейіп отыр. Өнеркәсіп өндірісі соңғы үш жылда 1,6 есеге артты. Өңдеу өнеркәсібінде өнім көлемінің 3 пайызға артуы қамтамасыз етілді. Индустрияландыру картасы аясында облыста 1700 жұмыс орнын ашу арқылы 256 млрд. теңгеге 33 инвестициялық жоба іске асырылып келеді. Бұл 1700 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Облыстағы ірі кәсіпорын «Агрореммаш»АҚ өртке қарсы құралдар өндірісі мен коммуналдық техникалар шығарады.  Мұнда металл конструкциясының бетіне қорғаныш жағу өндірісі де іске қосылған.  Жылына 8,5 мың тонна металды мырыштайтын цех үдемелі индустриалды-инновациялық бағдарлама аясында ашылды. Жоба құны 240 млн. теңгені құрады. Мырыштау цехында 55 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

Қазіргі таңда Оралда «Қарашығанақ» газ құбыр құрылысы Елбасының тікелей тапсырмасымен жүзеге асырылды. Облысты 500 млн текше метр өндіріп, қамтамасыз етіп отыр. Соның арқасында, өңірдегі тұрғындардың 80 пайызы газға мұқтаж емес. Батыс Қазақстан облысы бұдан бөлек көгілдір отының көмегімен электр қуатын, өндіретін газ турбиналық электростансасымен және тәтті тағамдар, макарон өнімдерін шығаратын зауытпен мақтана алады.

Міне, еліміздің батысындағы облыстардың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті осындай. Қазақстанның қазынасын байытып, экономикасын дамытуда Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының үлесі зор.

Аймақаралық телекөпірдің соңында 4 облыстың кәсіпкерлері үндеу жариялады.

ҮНДЕУ

Батыс өңірі кәсіпкерлері Мемлекет басшысының Қазақстанды қуатты, табысты елге айналдыру мақсатында Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы туралы тапсырмасын қуаттаймыз және оның жүзеге асуына барынша атсалысамыз. Бағдарлама аясында жергілікті кәсіпкерлер үлкен маңызды жобалар бойынша жұмыстанып, еліміздің экономикасын дамыту жолында өз үлестерін қосуға мүмкіндік алып отыр.

Тәуелсіз Қазақстан өз тарихында қиындықтар мен тоқырауларды бастан өткеріп, өнеркәсібі мен ауылшаруашылығы, кәсіпкерлік құрылымдары жедел дамып келе жатырған, әлем таныған мемлекетке айнала алды. Бұл – мемлекеттің кәсіпкерлік субъектілеріне көрсетіп отырған қолдауының жемісі. Қазіргі күні облыс кәсіпкерлері ҚР Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының аясында кадрларды қайта даярлап, біліктіліктерін арттыру мүмкіндіктеріне ие болып отыр. Нәтижесінде өндіріс ошақтары жанданып, шетелдік озық жаңа технологиялар жүйесі енгізіліп, өнімділік деңгейі бірнеше есеге артып қана қоймай, бәсекеге қабілетті, халықаралық стандарттарға сәйкес келетін тауар өндіре алатын дәрежеге жеттік.

Бүгінгі жетістіктерімізді және болашаққа деген жарқын үмітімізді мемлекеттің ел экономикасын әртараптандыру саясатымен тығыз байланыстырамыз. Көреген саясат елімізде, соның ішінде біздің өңірімізде жаңа өңдеуші өндіріс орындарының құрылуына, ескі өндіріс орындарының жандануына үлкен мүмкіндік туғызды.

Ал біз – өңірдің барша кәсіпкерлік құрылымдары еліміздің өркендеуіне бағытталған әрбір бастаманы қолдап, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін сезіне отырып, Қазақстан азаматтарының әл-ауқатын арттыру үшін барлық қажеттіліктердің қолжетімді болуына, әлеуеті төмен топтарына жәрдем беруге, қайырымдылық акцияларына белсене араласуға дайынбыз.

Бұл – батыс өңірі кәсіпкерлерінің ел тұрғындарына деген қамқорлығы мен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне ілтипаты мен ризашылығының белгісі.

2 мамыр. Munaigaz.kz тілшісі.

PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту