Қашаған толық қуатына қосылған соң, Қазақстан әлемнің ең ірі мұнай экспорттаушыларының бестігіне енеді - мамандар пікірі

размер шрифта: Aa | Aa
20.05.2013 16:50
 Қашаған кен орнында жұмыстардың басталуы Қазақстан үшін де, оны игеруге қатысып жатқан алпауыт компаниялар үшін де маңызы өте зор. Себебі, бұл соңғы 40 жылда әлемде ашылған ең ірі кен орны болып табылады. Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде орналасқан кеніштегі болжанған мұнай қоры 11 млрд. тоннаны құрайды. Бүгінде Қашағанның алғашқы мұнайын белгіленген мерзімде игеруге дайындық жұмыстары ойдағыдай жүріп жатыр.

Бұл туралы кеше Атырау облысы әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов «Eni» компаниясының Орталық Азия, Қиыр Шығыс және Тынық мұхиты секторы бойынша атқарушы вице-президенті Антонио Велланы, «Аджип ҚКО» компаниясының атқарушы директоры Умберто Каррараны қабылдап, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарын игерудегі ынтымақтастық мәселесі, кеніште мұнай игеруге дайындық жұмыстары талқыланған әңгіме кезінде айтылды.

Антонио Велла аймақ басшысына жылы қабылдауы үшін алғысын білдіріп, теңізде кен өндіру жұмыстарына дайындық мәселелерімен танысып, оған қанағаттанарлық сезіммен келіп отырғанын жеткізсе, Умберто Каррара кенішті игеруге байланысты барлық қажетті шаралардың алынғандығын, соның ішінде «Болашақ» зауытының құрылысы туралы айтты. «Болашақ»  зауытында мұнай мен газды кешенді тасымалдау жұмыстарына әзірліктің технологиялық қырлары жөнінде, сондай-ақ зауыттың Қашаған кен орнынан тауарлық мұнайды қабылдауға дайындығы туралы мәселелер сөз болды. Кәсіпорында мұнайды сорғыту, оны қоспалардан тазарту, Қашағанды тәжірибелік-өнеркәсіптік игеру барысында мұнайды сақтау және экспорттау жүзеге асырылатын болады. Зауыт қуаттылығы жыл сайын 22,5 млн. тонна мұнай мен 6 млрд. текше метр газды қайта өңдеуге мүмкіндік береді.

Облыс басшысы бұл жұмыстардың бәрі өзінің тікелей бақылауында екенін, Қашаған кенішінде, «Д» аралында және «Болашақ» зауыттарында болып, жағдаймен етене танысқанын, соған сай өңірде НКОК, Аджип, Сайпем компанияларының табысты еңбек етіп жатқанын атап өтті.

Алдын ала мәліметтер бойынша теңізден мұнай өндіру маусым айына белгіленіп отыр. Сол кезде Қашаған жобасының бірінші сатысында тәулігіне шамамен 370 мың баррельден 450 мың баррельге дейін мұнай өндіру көзделген. Бұрғылау жұмыстары Қашаған, Қаламқас, Ақтоты және Қайран  кен орындарында орналасқан 11 теңіз блогында жүргізілмек. Қашаған мұнайын өндірудің ең жоғары сатысында тәулігіне 1,5 млн. баррельге дейін «қара алтын» алынбақ. Ал, жалпы бірінші кезеңде жылына 50 млн. тонна «қара алтын» алу көзделіп отыр. Негізі, жоспар бойынша кенішті игерудің екінші кезеңі 2018-2019 жылдары басталмақ. Ол кезеңде Қашаған мұнайын өндіру көлемі жылына 70 млн. тоннаға жеткізіледі. Мамандардың бағалауынша, бұл - Қазақстанға әлемнің ең ірі мұнай экспорттаушыларының бестігінің қатарынан орын алуына мүмкіндік береді.

АТЫРАУ. 18 мамыр. ҚазаҚпарат 
Ключевые слова: Атырау облысыМұнай-газ
PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту