«Қашаған - 2013» республикалық оқу-жаттығуы өтті

размер шрифта: Aa | Aa
10.06.2013 14:32

 Қашағанда мұнай игеру қыркүйекке шегерілді.  Ал теңізден алғашқы мұнай алынғанша, қауіпсіздік туындаған жағдайда қарекет етуге оператор компания қаншалықты дайын?  Атырауда күтпеген жерден апат болып, мұнайдың төгілуіне қарсы әрекет етуге бағытталған «Қашаған - 2013» оқу-жаттығуы өтіп жатыр. Екі күнге созылатын  бұл  шара әлем көз тіккен алып кеніштен мұнай игеру алдындағы ең соңғы ірі сынақ болмақ.

Оқу-жаттығудың бұрынғылардан ерекшелігі де осы, әрі бұл жолы мұнай төгілуінің үшінші деңгейіне қарсы әрекет етпек. Шараны «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Б.В.» компаниясы еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп ұйымдастырып отыр. Алдымен Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар вице-министрі Жанболат Смайылов бастаған  жаттығуға қатысушылар Солтүстік Каспий экологиялық әрекет ету базасында болды. Айта кету керек, база екінші дәрежелі мұнай төгіндісін, яғни 350 тоннаға дейін мұнайды жинап алуға қауқарлы. Мұнда төтенше жағдай болған жағдайда тік тұратын барлық күштік, техникалық, медициналық құрылымдар мен техника таныстырылды. Дайындықты вице-министр жоғары бағалап отыр. ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрінің айтуныша, мұндай жаттығу бірінші рет болып жатыр. Дайындық деңгейі өте жоғары. Ертең Ұлыбританиядан ірі құралдар, қосымша күш тартылады. Қашаған жобасы Елбасының тапсырмасымен қыркүек айында іске қосылады. Бұл соған ақырғы дайындық.


Оқу жаттығудың шарты бойынша Д аралында қысымы төмен құбыр жарылып, ілеспе газ атмосфераға таралған.  Нәтижесінде 450 тонна мұнай төгіліп, төрт шаршы шақырымға жайылады. Басты мақсат – мұнай төгінділерінің  қоршаған ортаға зиян  тигізбей тұрғанда жинап алу. Дабыл түсісімен орталық кеңсенің дағдарыс орталығында арнайы штаб құрылып, қарекет ету шарасы басталып кетті. Бұл тәжірибе теңіз кешені құрылысының маңайында және солтүстік-шығыс Каспийдің таяз сулы жағалауында өтті.  Оператор компания мамандары мен бұқаралық ақпарат құралдары кеніштегі мұнай төгіндісін жинау кезін орталықтан тікелей бақылап тұруға мүмкіндік алды. Алдымен толық жабылған кемеге адамдар оқшауланды. Іле-шала өте үлкен аумақты қамтыған мұнай дақтарын бон бөгеттерімен жинап, жұмысқа скиммерлер  де кірісті. Осыларға ертең Саутгемптон қаласынан 3-ші деңгейдегі мұнайдың төгіліп кетуіне қарсы іс-әрекет ету бойынша Халықаралық мердігер компаниясынан арнайы құрылғылар жеткізіледі.  

10 маусым. Munaigaz.kz тілшісі

PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту