Биылғы жазда мұнайшылардың 2 мыңға жуық балалары Ақмола облысындағы лагерьде демалады

размер шрифта: Aa | Aa
24.06.2013 11:54
Биыл жазда мұнай-газ саласы қызметкерлерінің 2 мыңға жуық балалары «Көкшетау» ұлттық табиғи саябағында орналасқан «Сұңқар» сауықтыру кешенінде демалатын болады.

Кеше жазғы семестрдің екінші маусымы ашылды.

«Биыл 1816 бала келіп, демалады деп жоспарлап отырмыз. Олардың дені негізінен Қазақстанның батыс өңірлерінен келген мұнай-газ саласында жұмыс істейтін қызметкерлердің балалары», - дейді «ҚазМұнай-Сервис» ЖШС Зеренді филиалының директоры Болат Ескенов «ҚазАқпарат» агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында.

Қазіргі таңда сауықтыруға келген жас өскін балғындардың саны 500-ге жуықтайды. Олар «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ, «Қазақойл Ақтөбе», «Инженерлік орталығы» ЖШС, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС өнеркәсіптік компаниялары қызметкерлерінің балалары.

Биылғы маусым «Менің елім - Қазақстан!» ұраны аясында өтуде. Экологиялық қолайсыз аумақтарда еңбек ететін мұнайшылардың балаларына мұнда жаз мезгілге жеке және ұжымдық жауапкершілікке, еңбекқорлыққа, көшбасшылыққа және отансүйгіштікке баулитын арнайы танымдық ойындар, топтық сайыстар әзірленген. Лагерьде болған уақыттарында жеткіншектер Қазақстанның мұнай саласы жайында тарихи деректерге қанығып, экологиялық білім алады. Жазғы семестр барысында балдырғандар топ тәрбиешілерінің, медицина қызметкерлерінің және Зеренді филиалындағы еңбек етушілердің жіті бақылауында болады. Лагерь аумағын арнайы мамандандырылған күзет қызметі қорғауда. Сауықтыру кешенінің кішкентай қонақтары болса, бөлек орналасқан тұрғын үй корпустарында, жайлы бөлмелерде тұрады. Әрбір бөлмеде дәретхана, жуыну кабинасы бар. Кешен аумағында баскетбол, волейбол, футбол ойнауға арналған аспан астындағы алаңдар орын тепкен, спорт кешенінде балаларға және ересектерге арналған екі бассейн, жаттығу залы, диско және кинозалдар орналасқан. Сонымен қатар түрлі үйірмелер жұмыс жасайды. Онда балалар халықтың қолданбалы қолөнер түрлерін игеріп шығады. Оқушылар Көкшетауға, қалалық мұражайларға, Бурабай курортына, ондағы Абылай хан орынтағына экскурсияларға барып, жергілікті таулы аймақтарды шолып шығады.

Болат Ескеновтың айтуынша, балалардың жазғы демалыстарынан кейін, қыркүйек-мамыр айлары аралығында мұнда мұнайшылардың демалуына жағдай жасалатын болады. Қазіргі уақытта Назарбаев университетінің Ұлттық медициналық холдингімен бірлескен қызмет жөнінде келісім жасау көзделуде. Оның негізінде кешен нысандарының бірінде медициналық қондырғылар орнатылады. Мұнай-газ саласының қызметкерлеріне мұнда жоғары білікті медициналық қызмет көрсетіледі.

«Сұңқар» сауықтыру кешені 2000 жылы экологиялық қолайсыз аумақтарда еңбек ететін мұнайшылардың балаларына арналған Олег Кашелов атындағы лагердің базасында құрылған болатын. Сол уақыттан бері бұл жерде 15 мыңнан астам бала демалды.

АСТАНА. 22 маусым. ҚазАқпарат 
Ключевые слова: Мұнай-газҚоғамАқмола облысы
PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту