Каспий құқықтық мәртебесі конвенциясының қорытынды мәтінін бекітудегі шешімге жақындап келеміз - РФ СІМ-нің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі

размер шрифта: Aa | Aa
24.11.2011 13:09
Әзірге Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі конвенциясының қорытынды мәтіні бекітілмесе де, басқа да бағыттар бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізілді.

 Бұл туралы бүгін Астанада  Сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейінде Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны әзірлеу жөніндегі арнайы жұмыс тобының 30-отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында Ресейдің СІМ-нің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Александр Головин айтты.

1997 жылдан бері теңіздің құқықтық мәртебесі туралы конвенция мәселесі талқыланып келе жатқанына тоқталған ол, «қарапайым мәселелер бойынша жүргізілетін кейбір көліссөздердің өзі ұзаққа созылады. Себебі, мемлекеттердің мүдделері түрлі деңгейде болады. Ал Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі тұрғысындағы маңызды мәселе бойынша біз 14 жылдың ішінде елеулі көрсеткіштерге қол жеткіздік»,-деді.

 Осы орайда ол Каспий жағалауы елдері президенттерінің қатысуымен 3 саммит өткенін, сонымен қатар сыртқы істер министрлерінің бірнеше конференциялары болғанын еске салып өтті.

«Яғни, әзірге конвенцияның қорытынды мәтіні бекітілмесе де, басқа да бағыттар бойынша біз нақты нәтижелерге қол жеткіздік»,-деп ескеріп өтті А. Головин. Бұл тұрғыда ол Каспий теңізі айдынындағы ортаны қорғау негізгі конвенциясын, теңіздегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету келісімін, Тегеран декларациясын, Баку мәлімдемесі мен басқа да бекітілген құжаттарды еске салды.

А. Головин Каспий теңізінің жаңа құқықтық мәртебесі күрделі мақсат-міндетті белгілеп отырғандығын айта келе, мұнда әр мемлекеттің мүддесіне сай маңызды мәселелер бар екендігін жеткізді.

«Әр отырыс сайын біз бұл мәселелердің қорытынды шешіміне жақындап келеміз»,-деп түйіндеді елші.

Айта кетейік, 22 қарашадан бері елордада өткен жұмыс тобының 30-отырысында Әзербайжан СІМ орынбасары Халаф Халафов, Иранның Каспий теңізі мәселелері бойынша арнайы өкілі Мұхаммад Мехди Ахундзаде, Ресейдің СІМ-нің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Александр Головин, Түркіменстан президенті жанындағы Каспий теңізі мәселелері жөніндегі мемлекеттік кәсіпорынның төрағасы Мурад Атаджанов қатысты. Ал Қазақстан тарапынан аталған алқалы жиынға СІМ-нің орынбасары Қайрат Сарыбай төрағалық етуде.

АСТАНА. 23 қараша. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ 

PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту